Алматы облысының №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері ғимараттың Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқанын айтып, әлеуметтік желіде бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасөспірімдердің айтуынша, қазірдің өзінде балалар үйінің аумағында ағаштар кесіле бастаған.
Қазір олар біздің балалар үйін көшіргісі келеді, ағаштарымызды кесіп, аумақты қиратып жатыр. Бұл жерде өмір сүру мүмкін емес болып барады. Бізді айдаладағы түрмесі бар Қонаевқа көшіргісі келеді. Бізді ол жаққа еркімізден тыс жіберіп жатыр. Өтінемін, көмектесіңіздерші. Біз бұл мекенді тастап кеткіміз келмейді, - дейді №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері бейнеүндеуде.

Аталған жағдайға қатысты Алматы облысының білім басқармасы мәлімдеме жасады. Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына барып, Алматы облысының әкімімен кездесіп, жаңа ғимараттың құрылысымен танысады.
2 наурызда балалар үйіне Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева барып, мекеме ұжымы және тәрбиеленушілерімен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлер қоныс аудару және жұмыс орындарын сақтау мәселелерін көтерді.
Балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселелер біздің бақылауымызда. Жаңа ғимаратты қажетті жабдықтармен, көлікпен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, қолайлы жағдай жасау да маңызды, - деп атап өтті Салтанат Беспаева.
Сондай-ақ, басқарма әлеуметтік желілерде тараған жер учаскесінің аффилиирленген тұлғаларға сатылуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.

Жаңа кешен 240 орынға есептелген және аумағы 4000 шаршы метрді құрайды. Құрылыс 1963 жылы салынған ескі ғимараттың апатты жағдайына байланысты жүргізілуде. Жаңа мекеме құрамында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы да жұмыс істейді. Ғимарат 900 орындық мектептің жанында орналасады. Балалардың қатынауы үшін 14 орындық автобус бөлінді. Алматыға дейінгі қашықтық – 65 км.
Бұдан бөлек, тәрбиеленушілер 21 наурызда Қонаев қаласында өтетін Наурыз мейрамына шақырылды.