Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Балалар тісін жеке емханаларда тегін емдете алады

Бүгiн, 12:46
117
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қазақстанда балалардың стоматологиялық көмекті тегін алуына заңмен кепілдік берілген. Бұл мүмкіндік МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асады. Көптеген ата-ана тегін тіс емдеу тек мемлекеттік стоматологияларда ғана қолжетімді деп ойлайды. Алайда жеке тіс емханалары да балаларға тегін қызмет көрсете алады. BAQ.KZ тілшісі осы тетіктің қалай жұмыс істейтінін және ата-ана нені білуі керегін анықтап көрді.

МӘМС бойынша балаларға қандай қызметтер тегін?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, 18 жасқа толмаған барлық бала ата-анасының сақтандыру жарнасына қарамастан, тегін медициналық көмек алуға құқылы. Яғни ата-анасы МӘМС үшін төлем жасамаса да, балаға көрсетілетін базалық стоматологиялық қызметтер сақталады.

МӘМС шеңберінде балаларға тегін көрсетілетін стоматологиялық көмектерге мыналар кіреді:

  • ауыз қуысын толық тексеру және диагноз қою;
  • тісжегіні емдеу;
  • сүт тістерін жұлу;
  • тістегі қабыну, ісіну, іріңдеу кезінде шұғыл медициналық көмек;
  • ауыз қуысының қабыну ауруларын емдеу.

Бұл қызметтер баланың денсаулығына тікелей қауіп төнген немесе кешіктіруге болмайтын жағдайларда толық көлемде көрсетілуі тиіс.

Жеке емханада тегін емделуге бола ма?

Қазір көп ата-ана мемлекеттік емханадаға ғана тісті емдеуге болады деп ойлайды. Бірақ жеке емханаларда ондай қызметтерді ұсынады. Тек бір шарт бар: жеке клиника МӘМС-пен жұмыс істейтін медициналық ұйымдар тізімінде болуы керек.

Тәртібі қандай?

Алдымен баланы мемлекеттік емханаға тіркеу керек. Ол жолдама алу үшін қажет. Одан соң баланы емханадағы педиатр немесе стоматолог қарап, жеке клиникаға жолдама береді. Одан соң нақты клиниканы, қызмет түрін көрсетіп құжат алуыңыз керек. Содан кейін ғана жеке емхана ем көрсете алады.

Қандай жағдайда тегін емдеуден бас тартуы мүмкін?

Бірақ жеке емхана барлық қызметтерді тегін ұсына береді деген сөзден аулақ болу керек. Егер ата-ана қымбат материал сұраса, эстетикалық емді қаласа немесе брекет салуды көздесе ақылы қызметке жүгіне алады.

Бірақ шұғыл ауырсыну, қабыну кезінде баланы қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.

Өзгелердің жаңалығы