Алматы, BAQ.KZ. Семіздік дерті бүкіл әлемді меңдеп алды. Жыл сайын 2,8 миллион адам артық салмақтан немесе шамадан тыс семіру нәтижесінде дүниеден озады. Ең өкініштісі - бұл ауру соңғы жылдары балалар арасында да жиі кездесуде. Бұл туралы «Аман-саулық» ҚҚ мәлімдеді.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы 21-ші ғасырдағы балалардың семіздігі індетке айналғанын растап отыр. Болжамдарға сәйкес 2025 жылға қарай мектепке дейінгі семіз балалар саны 70 млн-ға жету қаупі бар көрінеді.
Британдық «The Lancet» ғылыми баспасы 5 жастан 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семірудің таралуы 1975 жылы 4% -дан 2016 жылы 18% -ға дейін күрт өскенін жариялады. Бұл көрсеткіш екі жыныстағы балалар мен жасөспірімдерге тең бөлінген. Яғни, 2016 жылы қыздардың 18% және ер балалардың 19% артық салмаққа шалдыққан.
Мәселен, 1975 жылы 5-тен 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің 1% ғана семіздікке ұшыраса, ал 2016 жылы олардың саны 124 млн-ға дейін жеткен.
«ЮНИСЕФ мамандарының пайымдауынша, Қазақстанда да балалардың артық салмақ мәселесі әлеуметтік сипатқа ие болған. Эпидемиологиялық мониторинг бойынша 3-4 сыныптағы барлық балалардың 77,5% қалыпты салмаққа ие, ал 19,1% семіздікке шалдыққандар, олардың арасында 6,5% ұлдар және 5% қыздар, 1,1% - артық семіздік. Негізінен бұл дертке балалардың тамақтану процесі, нәрестелерді дұрыс тамақтандыру, кедейлік кесірінен уақытылы тамақтанбау салдары, азық-түлік қауіпсіздігі мен ата-аналардың білім деңгейі тікелей әсер етеді»,-делінген хабарламада.
ҚР Денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың 20% семіздікке шалдыққан. Ол негізінен Маңғыстау облысы, солтүстік және Орталық Қазақстан тұрғындары арасында басымдыққа ие. Сарапшылардың пікірінше, семіздік жылдан-жылға үдеп келеді, жас балалар арасында семіздікке шалдығу қазіргі уақытта 40 жыл бұрынғы статистикаға қарағанда 10 есеге артқан.
Көптеген жылдар бойы қоғамдағы денсаулық мәселелерімен айналысып жүрген «Аман-саулық» ҚҚ-ның президенті Бақыт Түменова, балалар арасындағы артық салмақ көптеген қауіпті ауруларға әкеп соқтыратынын айтады.
«Балалық семіздік мезгілсіз өлім мен ересек адамның мүгедектігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Семіздік балаларға тыныс алудың жетіспеушілігіне, гипертонияға, жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте белгілеріне және психологиялық проблемалардың туындауы мүмкін», - дейді Б. Түменова.
Сарапшы маманның айтуынша, семіздік проблемасы елдегі жас ұрпаққа әлеуметтік қатер төндірмеуі үшін Қазақстанда салауатты өмір салты дағдыларын барынша дұрыс қалыптастыру жолында үкіметтен бастап, халықаралық серіктестер, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар болашақта біраз жұмыс жасау қажет. Сол арқылы артық салмаққа жол бермей, көптеген қиындықтардың алдын алуға болады.