Балалар арасында вейпинг ауқымды проблемаға айналды: Не істеу керек

18 Қаңтар 2024, 13:00
589
Бөлісу:
Балалар арасында вейпинг ауқымды проблемаға айналды: Не істеу керек
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Елімізде балалар мен жасөспірімдердің «бірреттік» деп аталып кеткен вейпке деген қызығушылығы белең алды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Тіпті кейбір бастауыш сынып оқушылары да «бу тартуға» әуес болып алған. Бұл сәнге айналды: қазақстандық жасөспірімдердің көбі электронды темекіні пайдаланады, тіпті бұл құмарлықтың қандай қауіп төндіретінін жете түсіне бермейді. Сонымен қатар, «бірреттік» вейптер көрінген жерде сатыла береді, ал сатып алушылардың жасына саудагерлер жиі көз жұма қарайды.

ҚР-дағы балалар мен жасөспірімдер шынымен де «бу тартуға» бейім екенін «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстан балалар қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырған таяуда жүргізілген сауалнама растап отыр. 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың 80.5%-ы Алматыда, 83.3%-ы Астанада, 15,4%-ы Өскеменде үнемі, апта сайын вейп («бірреттік» вейп) сатып алатыны белгілі болды.

Былтырғы көктемде басталған «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасының мақсаты – 21 жасқа дейінгі балалар, жасөспірімдер мен жастардың вейп тұтынуының алдын алу және шектеу. Жобаны үш ведомство – ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолдады. Біріншіден, жасөспірімдердің өзі дәмді және еліктіретін «бу тартқыштардың» кесірінен никотинге тез арада әуестеніп кету қаупін түсінуі керек. Екіншіден, ең бастысы – қарапайым темекі, алкоголь және ересектерге арналған басқа да тауарлар сияқты атышулы бірреттік бұйымдардың ешбір жағдайда жас қазақстандықтардың қолына түсе алмайтынына қол жеткізу.

Балалар мен жасөспірімдердің вейпингіне қатысты сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін нақты әрі жүйелі әрекеттер қажет. Біздің жоба аясындағы жұмыс бірнеше бағытты қамтыды: сауда нүктелерімен ақпараттық жұмыс, ішкі істер органдарымен бірлескен вейп-дүкендердің қолданыстағы заңнаманы сақтау тұрғысынан мониторингі, сондай-ақ жасөспірімдерге, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған білім беру бағдарламалары мен ақпараттық науқандар, – деді «Қазақстан балалар қоры» ҚҚ директоры, Балалар қорлары Халықаралық Қауымдастығының вице-президенті Эльвира Ватлина.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында Ішкі істер органдарымен вейп-шоптар бойынша 36 бірлескен рейд өтті, 21 жасқа дейінгі жастарға вейптерді сату туралы талапты бұзғаны үшін 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, қор білім беру мекемелерінде 17 семинар өткізді, онда оқушылар мен студенттерге вейпингтің зияны мен алдын-алу туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Іс-шаралар Алматы, Астана және Өскеменде өтті.

Жасөспірімдер арасындағы вейпинг проблемасы жоқ деп, оған назар аудармау – ауқымды проблема, оның арты насырға шабуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл қауіпті құбылыспен күресу үшін шұғыл және жүйелі шаралар қабылдау қажет, бұл мәселеде жалғыз тыйым сала беру шарасы көмектеспейді» деді. Меніңше, елде вейпке тыйым салумен қатар, сатуды мемлекеттік және қоғамдық бақылау жүйесін түзету қажет, өйткені тыйым салулар, тәжірибе көрсетіп отырғандай, елде осы тауарлардың «қара нарығы» қалыптасуына әкеп соқты. Вейптер сөрелерден және бүгінгі танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатылады, – деп пікір білдірді заң ғылымдарының докторы, ҚР ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі Қуат Рахымбердин.

Қор өкілдері ең алаңдатып отырған жайт деп Қазақстан бойынша жасөспірімдерге вейптердің оңай қолжетімді екенін атап отыр. 

Біздің қалада вейп-шоп қаптаған және олардың саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ іспетті өсе береді. ШОБ-ты тексеруге мораторийдің күшін жою мәселені өз бетінше шеше алмайды және біз жосықсыз саудагерлерді анықтау үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен вейп-дүкендерге рейдтерді жалғастыруға ниеттіміз, – деп атап өтті Алматы қаласы бойынша «Вейпсіз жастар» жобасының үйлестірушісі Марат Сайбеков.

Қазақстандық халықаралық Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының Астанадағы филиалының заңгері Артур Алхастов жосықсыз саудагерлермен қатаң күресу қажет екендігімен келіседі. 

Жастар арасында темекі шегу мәселесін жалпы жұртшылықтың қатысуынсыз шешу мүмкін емес. Вейптерді сатуға толық тыйым салудан басқа, балалар вейпингі проблемасымен жүйелі түрде күресу және вейптерді сатуға тыйым салуды бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, мемлекеттік органдарды және жай ғана бей-жай қалғысы келмейтін азаматтарды тарту қажет болады, – деп есептейді ол.

Өзгелердің жаңалығы