Қазақстанда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында балағат сөз қолданғаны, сондай-ақ онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, ақпарат кеңінен таралатын қазіргі кезеңде азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде жалған немесе адамның беделіне нұқсан келтіретін ақпараттың кең аудиторияға таралу қаупі жоғары.
Бүгінде ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер мен жала жабу платформалар арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасында теріске шығаруды ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған сол ақпарат көзінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде де орналастыру көзделеді, – деді Арман Қырықбаев.
Сонымен қатар заң жобасында масс-медиа мен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны және платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу ұсынылады.
Министрдің сөзінше, бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар цифрлық ортада да қолдануға мүмкіндік береді.
Адамдардың фото және видеосын пайдалануға қатысты талаптар нақтыланады
Заң жобасында адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалану мәселесіне де өзгерістер енгізу көзделген.
Атап айтқанда, ашық дереккөздерде жарияланған адамның фото және видеосын оның келісімінсіз пайдалануға, егер сол адам оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған болса ғана жол беріледі.
Сонымен бірге адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны заңнамалық деңгейде нақты бекітілмек.
Мемлекеттік органдардың жауаптарына арнайы белгі қойылуы мүмкін
Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын ажырату үшін жаңа талап енгізуді ұсынып отыр.
Ақпарат кеңінен таралып жатқан қазіргі жағдайда мемлекеттік органның ресми ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажыратудың маңызы арта түсуде. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою ұсынылады, – деді министр.
Заң жобасында білім беру контенті мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге де назар аударылған.
Ұсынылып отырған нормалар азаматтарға білім беру курстарын ұсынатын адамдардың тиісті білімі бар-жоғын, сондай-ақ оккульттік қызметтердің сипатын анықтауға мүмкіндік беруге бағытталған.
Бұл өзгерістер онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері жөніндегі заң жобаларында қарастырылған. Құжат Құрылтайда бірінші оқылымда талқыланып жатыр.