Қазақстан ЮНЕСКО Конвенциялары мен ұсынымдары аясында алған міндеттемелерін толық орындап отырған жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, халықаралық маңызы бар бірқатар нысан қараусыз қалған немесе "маңызсыз" нысан ретінде қабылданып отыр.
Атап айтқанда, Алматы облысындағы Талғар мен Қарамерген, Жетісу облысындағы Қойлық, Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Құлан, Қостөбе, Өрнек қалашықтары мен Ақыртас сарай кешенінің инфрақұрылымын дамыту – өзекті мәселе.
Бұл нысандардың барлығы облыстардың аумағында орналасқан. Сондықтан олардың дамуына әкімдіктер мүдделі болуы керек, — деді Аида Балаева.
Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы келеңсіз жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бұл нысанның буферлік аймағында рұқсатсыз құрылыс тоқтар емес. Қазіргі таңда сол аумақта жаңа визит-орталықтың іргетасы қаланғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, Құлан мен Қойлық қалашықтарының айналасында да құрылыс нысандары артып, қоқыс тазаланбай отырғаны айтылды. Бұл жағдай да халықаралық стандарттарға мүлдем сәйкес келмейді.
Республикалық маңызы бар Тектұрмас пен Жошы хан кесенелері де күрделі жағдайды бастан өткеріп отыр. Бұл тарихи мұралардың қазіргі күйі мемлекет тарапынан нақты назарды қажет етеді, - деді министр.
Еске сала кетейік, Бектенов QazaqGaz басшысына ескерту жасағаны туралы осыған дейін жаздық.