Балаева дағдарыс орталықтарының жұмысын сынға алды

24 Маусым 2020, 15:37
1559
Бөлісу:
Балаева дағдарыс орталықтарының жұмысын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева онлайн өткен дөңгелек үстел барысында дағдарыс орталықтарының жұмысын сынға алды.

Барлық күш-жігерді жүйелі жұмыс істеуге бағыттау өте маңызды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдармен белсенді ынтымақтастықты жалғастырады. Бұл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа да қатысты. Сұрақ пен мәселе өте көп. Бұл бағыт бойынша жұмысты бүге-шүгесіне дейін талқылап, бірыңғай шешімге келу керек, – деді ол. 

Балаева айтқандай, мемлекет белгілі бір мәселелерді шешу үшін жұмысты ұйымдарға бағыттайды. 
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әрбір жағдайы ерекше. Дағдарыс орталықтарының жұмысын талдап, жұмыс регламентін реттеу керек. Онда адам қанша күн болуы керек? Әйелдер орталықтан шыққан соң бұрынғы өміріне қайта оралып жатады. Бұл әйелдерге ойлануға мүмкіндік беріп, қайта бұрынғы күйіне оралады деген сөз бе? Онда мұндай дағдарыс орталықтарынан не пайда? Бұл мәселені де ұжымдық тұрғыда талқылауымыз керек. Бұл орталықтарда әйелдерге, балаларға, отбасыларға нақты қандай көмек көрсетілуі керек? Осы мәселелерді шешу керек, – деді ол. 

Сондай-ақ, Аида Ғалымқызы зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның белсенді араласу қажеттігін атап өтті. 
Бұл жерде ата-аналардың да іс-қимылы өте маңызды. Себебі, балада психологиялық зақым болса, есейген соң ол белгілі бір әрекетке баруы мүмкін. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысу да аса маңызды. Барлық мемлекеттік органның күші зорлық-зомбылық жағдайын жоюға немесе барынша төмендетуге бағытталуы керек, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы