Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақтың айтулы ақын қызы – Әселхан Қалыбекованың өмірден озуына байланысты, марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.
Айтыс өнерінің жарық жұлдызы, қазақтың айтулы ақын қызы – Әселхан Қалыбекованың өмірден озуына байланысты, марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Әселхан апамыздың айтыс өнерінде өзіндік ерекшелігімен келіп, ұлттық мұрамыздың қайтадан жаңғырып, тыңнан серпін алуына өлшеусіз үлес қосты. Аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық дүбірлі додаларда шоқтығы биік көрініп, қашанда салиқалы айтыс үлгісін насихаттады.
Суырып салма айтыстан бөлек, жазба әдебиетте де жалынды да мазмұнды өлеңдер жазды, журналистика саласында елеулі еңбек етті.
Апамыздың айтыстағы орны, қалдырған мол әдеби мұрасы – тозбас рухани қазына болып, зиялы болмысы – халқының жадында мәңгілік сақталады.
Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын