Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде биылғы жылдың алғашқы 6 айында 565 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісім жасалды, олардың басым бөлігі білім беру саласында.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз мәжілісінде ҚР ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы төрт жылда республикада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында мектепке дейін мекемелерге (балабақша) деген шұғыл қажеттілік мәселесі шешілген.
«1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1,29 трлн теңгеге 565 келісімшарт жасалды. Соның ішінде 565 – жергілікті және 9-ы республикалық жоба. Ең көп жоба білім беру саласында – 276 келісімшарт, денсаулық сақтау саласында – 114 келісімшарт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша – 65 келісімшарт, мәдениет және спорт – 49 келісімшарт», - дейді Тәкиев.
Ол білім беру саласындағы инвестицияның басым бөлігі балабақшаларға салынып жатқанын айтты.
«Егер объективті қарайтын болсақ, төрт жыл бойы бүкіл елде мектепке дейінгі мекемелердің қажеттілігі МЖӘ механизмі арқылы жабылған. Бүгінгі күні МЖӘ механизмі арқылы 29,5 мың орындық 219 балабақша салынған», - дейді вице-министр.