Балабақшаға бармаған бала үшін мемлекет неге ақша төлейді? Депутат кезек жүйесін өзгертуді ұсынды

7 Қазан 2026, 13:10
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 7 Қазан 2026, 13:10
7 Қазан 2026, 13:10
144
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Мәжіліс депутаты Ләззат Қожахметова балабақшадағы кезек жүйесін қайта қарауды және ваучерлік қаржыландыруды баланың нақты алған қызметімен байланыстыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бұл мәселені Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Ләззат Қожахметованың айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие мен білім – баланың дамуы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан әр бала тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы мектепке дейінгі білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек.

Бүгінде балабақшаға кезек мәселесі әсіресе Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда өзекті.

Депутат 2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың мақсаты бюджет қаражатын балабақшада көрсетілген нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету болғанын атап өтті.

Қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға тіркеудің екі жолы бар: орын болса, бала бірден қабылданады, ал орын болмаса, күту тізіміне қойылады.

Алайда депутаттың айтуынша, күту тізіміне тұру үшін ата-ана баласын алдымен басқа балабақшаға тіркеуге мәжбүр болады. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға формалды түрде тіркейді.

Егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді? – деген мәселе көтерді Ләззат Қожахметова.

Оның айтуынша, кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қоюы мүмкін. Ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр.

Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс, – деді депутат.

Осыған байланысты ол мәселені тек кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі тұрғысынан қарастыруды ұсынды.

Депутаттың ұсыныстары:

– ата-ана баласын басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоя алуы;
– бос орын пайда болған кезде баланы ашық әрі түсінікті кезектілікпен қабылдау;
– мемлекеттік қаржыны баланың нақты балабақшада болғанын және қызмет алғанын растайтын цифрлық деректер негізінде төлеу.

Сонымен қатар «формалды тіркелу» мен «нақты тәрбиелену» ұғымдарының аражігін ажырату және пилоттық жобалардың нәтижелерін қоғамға ашық жариялау ұсынылды.

Депутат министрлікке ваучерлік қаржыны нақты көрсетілген қызметпен байланыстыруды, баланың нақты қатысуын негізгі өлшем етуді және формалды тіркелген балаларды анықтайтын цифрлық бақылау жүйесін енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ бір баланың бірнеше ұйымға негізсіз тіркелуіне жол бермеу және күту парағындағы балалар саны мен нақты бос орындар арасындағы сәйкессіздікті азайту жөнінде шаралар әзірлеу қажет екенін айтты.

Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек, – деді Ләззат Қожахметова.

Наверх