Балабақшадағы зорлық-зомбылық: Балаларды ұрып-соғу қашан тоқтайды?

7 Тамыз 2023, 14:21
1501
Бөлісу:
Балабақшадағы зорлық-зомбылық: Балаларды ұрып-соғу қашан тоқтайды?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Балабақшада тәрбие алатын балаларды ұрып-соғу оқиғалары қашан тоқтайды? Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл өзекті және өте ауыр мәселе. Бізде педагогтерге арналған этикалық нормалар көрсетілген «Педагог мәртебесі туралы» және «Білім туралы» заңдар бар. Бірақ осыған қарамастан бізде ондай (балаға қол көтеру – ред.) жағдайлар бар. Заңға сәйкес этикалық нормаға сәйкес келмейтін мінез-құлықты көрсететін педагогтерге қатысты қатаң шаралар, соның ішінде әкімшілік шаралар қабылданады, - деді ол.

Наталья Жұмаділдаева осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Біз педагогтің кәсіби стандартын әзірледік. Құжатта мектепке дейінгі ұйымның мұғаліміне қойылатын барлық талап нақты көрсетілген, - деп түсіндірді департамент басшысы.

Ол мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру өзекті сұрақ екенін айтып, биылғы тамыз конференциясының сессиялары осы тақырыпқа арналатынын мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанамыздай, 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің жалақысы өседі. Сонымен қатар 2025 жылға дейін балабақшаларда 223 мың жаңа орын ашылатыны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы