Қазақстанда білім беру ұйымдарында жаңа бастама қолға алынып отыр. Еліміздің балабақшалары мен колледждерінде дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге бағытталған медиация қызметтері құрылмақ. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа жүйе білім беру процесіне қатысушылар – балалар, студенттер, педагогтер мен ата-аналар арасындағы түрлі түсініспеушіліктерді ушықтырмай, келісім арқылы реттеуді көздейді. Сонымен қатар, бұл бастама соңғы жылдары өзекті мәселеге айналған буллингтің алдын алуға да ықпал етпек,- дейді министрлік.
Балабақшаларда медиация қызметі тәрбиешілер мен ата-аналарға балалар арасындағы келіспеушіліктерді дұрыс бағытта шешуге көмектеседі.
Сарапшылардың айтуынша, бұл тәсіл бүлдіршіндердің ерте жастан бастап бір-бірімен тіл табысу, бөлісу, келісімге келу сияқты маңызды әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал колледждерде медиация студенттер арасындағы жанжалдарды азайтуға, өзара құрмет мәдениетін нығайтуға бағытталады. Мұндай тәсіл білім алушылар арасында психологиялық тұрғыдан жайлы орта қалыптастыруға септігін тигізеді.
Медиация топтарының құрамына білім беру ұйымдарының өкілдерімен қатар педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар және қоғамдық ұйым мүшелері кіреді. Қажет болған жағдайда білім алушылардың өздері де бұл процеске қатыса алады,- дейді министрлік.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыс бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылып, оң нәтиже көрсеткен. Аталған жоба білім беру ұйымдарында жанжалдардың азаюына және қолайлы психологиялық ахуалдың қалыптасуына ықпал еткен.