Балабақшадан балаға қалай орын алуға болады?

19 Шілде 2019, 04:46
5635
Бөлісу:
Балабақшадан балаға қалай орын алуға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Қазіргі кезде «күйіп» тұрған өткір мәселенің бірі - балабақшаға жолдама алу. Елордалық құзырлы басқармадағылар бұл жүйенің жыл бойына үзіліссіз жұмыс істейтінін айтады. Балабақшаға баласын орналастыра алмаған ата-аналарға алдағы уақытта тағы да мүмкіндіктер болады екен. Қалалық Білім басқармасының қызметкерлері осыған орай бірнеше пайдалы кеңес берді, деп хабарлайды Елорда Инфо

Білім беру басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарға бала іріктеу мәселелері бойынша кеңес беретін орындардың жұмысын тоқтатқанын хабарлады. Мұндай орындар Оқушылар сарайының базасында балаларды жаппай балабақшаларға бөлу кезеңінде ашылғаны мәлім.

Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының Стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің жетекшісі Жазира Асанова баланы балабақшаға орналастыру бойынша қандай да бір кеңес қажет болған жағдайда оны жұмыс күндері кез келген мемлекеттік балабақшадан алуға болатынын айтады.

«Егер Сіз балабақшаға жолдама алып, 5 жұмыс күні ішінде балабақшаға бара алмайтын болсаңыз, онда 5-ші күні «Жеке кабинетте» «Жолдаманың уақытын ұзарту» деген тетік пайда болады», - деп түсіндірді Ж.Асанова.

Құзырлы мекемедегілер 18 шілдеден бастап жолдамалар Бейбітшілік көшесі, 11 үй, 119 бөлме мекен-жайындағы Білім беру басқармасында расталатынын айтты.

Осы аптада 2017, 2016, 2015, 2014 және 2013 жылы туған балаларға жаңа орындар берілуде. Бірақ, олардың саны шектеулі.

«Жаңалықтардан құр қалмау үшін Сіздер «Реттеу» деген бөлімдегі «Жеке кабинетке» келетін хабарламаларды мұқият оқуларыңыз керек. Сіздер таңдаған балабақшада бос орын болса, ақылды жүйе алдын ала Сізге хабарлама жібереді. Алайда, ол спам-жәшікке түсіп кетуі мүмкін», - дейді басқарма өкілі.

Сонымен қатар, балабақшадағы жаңа орындарды босаған орындар хаттамасынан да көруге болады. Әр ата-ананың есінде ұстайтын бір жәйт, барлық бос орындар 3 жұмыс күнінен кейін жұрттың ерікті таңдауына шығарылады. Яғни, хабарлама ең алдымен басымдық берілген адамдарға келеді. Мысалы, бір балабақшаға кезекте 3 адам тұрса, яғни, жаңадан босаған үш орын соларға беріледі. Онда да кезек сақталады. Ал кезекте тұрғандар алып болғанда, қалғандарға үлестіріледі. Басқарма мамандары бір адамның бір мезгілде бірнеше жерге өтініш бергенін, бір логинмен 2-3 адамның кіргенін анықтаған жағдайда бұғаттап тастайды.

Ұсынылған балабақшаға жолдама алып, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты балабақшаны ауыстыру мүмкіндігі де бар.  

Басқарма қызметкерлері елордамыздағы барлық балабақшаларға балаларды іріктеу шаралары аяқталғаннан кейін ғана басқа жерге орын ауыстыруға болатынын айтады. Балабақша меңгерушілері мұндай өтінішті нақты мүдделілік танытқан ата-аналар бергенін, ешқандай алаяқтық емес екеніне көзін жеткізуі тиіс.

«Егер Сіз өзіңізге ұсынылған балабақшадағы орын ұнамағандықтан немесе балаңыздың жасы сәйкес келмегендіктен орын алмаған болсаңыз, уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені, әрқашан мүмкіндік бар. Себебі, автоматтандырылған жүйе жыл бойы жұмыс істейді және жаңа орындар болған кезде балабақшаларға жолдамалар уақытында беріледі», - деп сендірді Жазира Асанова.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы