Бала тәрбиесіне кім жауапты?

28 Сәуір 2024, 21:22
606
Бөлісу:
Бала тәрбиесіне кім жауапты?
Фото: Артём Чурсинов

Қазіргі қазақ қоғамындағы ең бір өзекті тақырыптардың бірі – бала тәрбиесі. Бала кезінен қағу көрмей, айналасына тек өз айтқанын істетіп өскен баланың ержеткенде қоғамда өз орнын табуы қиынға соғады. Себебі, оның қасында айтқанын істеп отыратын ата-анасы мәңгі бірге жүре алмайды. Ал өз айтқанын өзгелерге істете алмай, қарсылыққа, қиындыққа тап боған кезде тез мұқалады.

Алайда осы баланың тәрбиесін ешкім өз мойындарына алғысы келмейтін секілді. Таңнан қара кешке дейін отбасын асырау үшін жұмыста жүретін ата-ана да бұл жауапкершілікті балабақша мен мектепке жүктегілері келеді. Ал отбасынан тәрбие көрмеген баланың балабақшадағы тәрбиеші мен мектептегі мұғалімге бағынғылары жоқ.

Қазіргі балалардың мәселесі туығаннан басталады. Байқасаңыз кеш жүретін, кеш сөйлейтін, мектеп жасына жақындаса да әріптерді анық айта алмайтын балалар саны артқан. Мұның себебін әркім әр түрлі жағдайлардан қарайды. Бірі телефоннан, бірі геннен, бірі балабақшадан іздеп жатады. Бірақ, мұның бәріне көп жағдайда ең алдымен анасы кіналі. Себебі, біріншіден, балаға бесік жырын айтпайды. Анасының әлдиін, жұп-жұмсақ дауысын, еркелткенін, мейірімін естімен балада мейірім аздау болады. Екіншіден, баланың бетіне қарап сөйлемейді. Егер, анасы баланың бетіне қарап сөйлесе, әңгіме айтса бала да соған елітіп, уілдеп жауап қайтарады. Үшіншіден, тілі шыға бастаған балаға түрлі тақпақтар, жаңылпаштар жаттатпайды. Мұның өзі баланың дұрыс сөйлеуіне, әріптерді дұрыс айтуына ықпал ететіні анық.

Баланың тәрбиесіне ата-анасы жауапты

Біздің қоғада қатып қалған бір түсінік бар. Ол баланың орта тәрбиелейді деген. Бұл пікірмен бір жағынан келісуге де болады. Ортаның белгілі бір деңгейде балға әсер ететіні анық. Бірақ, баланың ең алғашқы іргетасы, тәрбиесі отбасынан басталады. Егер сол отбасындағы тәрбие мықты болса ол баланы қандай орта болса да өзгерте алмайды. Мәселен, менің ұлдарым да қалада, көпқабатты үйлердің ауласында, орысша сөйлейтін балалардың арасында өсіп жатыр. Мектептегі ортасы да орысшаға бейім. Бірақ менің ұлдарым солардың бәрімен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Тағы бір көп айтылатын сөз: «балалар ютуб желісінен орысша видолар көреді. Сондықтан балалардың тілі орысша шығады» дейді. Мен бұл пікірмен де келісе алмаймын. Себебі, менің де балаларым орысша видолар көреді. Бірақ ол тілдерінің шұбарлануына әсер еткен жоқ. Меніңше ең алдымен бала тәрбиесіне ата-ана жауапты. Күнде кешке жұмыстан кейін балалармен сөйлесіп, не жаңалық болып жатқанын, кімдермен араласып, әлеуметтік желілерден кімдерді тыңдап жүргенін, тіпті мына қоғамда болып жатқан жағалықтарға қандай көзқараста екеніне дейін жан-жаөты сөйлесіп отыру керек. Бірге кітап оқып, оны бірге талқылау да отбасын бір біріне жақындата түседі, - дейді астаналақ әке Асхат Әбдіразақ.

«Отан – отбасынан басталады»

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі ертеңгі күні сол ұрпақтан елінің абыройын көтеретін, жерін қорғайтын нар тұлғалы азаматтар өсіп шығатынына сенген. Сол себепті ата-бабамыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Балаға тәрбие отбасынан басталатынын және өте маңызды екенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта елімізде бала тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Егерде баланы отбасында ислам дініне және салт-дәстүрге қанық қылып өсірсе, елімізде келеңсіз жағдайлар орын алмас еді.

Ата-бабамыз дінді дәстүрге айналдыпы жібергені соншалықты кейбір қанымыздағы қалыптасқан әдет пен әдептің түпкі тамыры дінде жатқанын байқай бермейміз. Бала тәрбиесіне келгенде де дәл сондай. Пайғамдарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деп үмбетіне отбасы құруды және ұрпақ өрбітіп, өріс кеңейтуді насихаттаған. Тағы бір хадисте «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да, есімдеріңді жақсартыңдар» - деген. Бұл хадисте сәбиге жақсы ат қоюдың маңыздылығы туралы айтылып тұр. Негізінде дін бойынша әкенің балаға бірінші салихалы ана тауып үйлену, екінші жақсы есім қою, үшіншіден құранды үйрету сияқты міндеттерді орындауы әкенің негізгі міндеті, - дейді дінтанушы.

Қазақ елі баланы тәрбиелеуді басты назарға ұстаған. Он үште отау иесі десе, он бесінде ел ісіне араласып, қамшы ұстап, билік жүргізе бастаған. «Не ексең, соны орасың» деген сөзді де бекер атпаған. Сәби бала ошақ қасында қандай тәрбие көрсе өскенде де солай болатыны айдан анық дүние.

«Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» – деген екен қазақтың айтулы жазушысы Мұхтар Әуезов. Расында қазақтың бесік жырында бүкіл ұлттың коды, имунитеті жатыр. Сәби кезінен түрлі жыр-дастанды, тәрбиелік маңызы бар ертегі, өлеңдерді естиді. Халық арасында ауыздан ауызға көшіп ел арасында таралып кеткен бесік жырында діни өлеңдер, үлгілі әңгімелер бар. Бесік жырының мақсаты баланы тыныштандыра отырып, баланың санасына ұлттық тәрбиенің, діннің нәрін сіңіру. Бесік жырында Алланы мадақтап дін туралы хабар берген, салт-дәстүрден және батырдың жыр-дастанына жақсы әңгімелерге сәби кезден қанып өскен. Осы тұста қазақ халқы баланы бес жасқа дейін патшаңдай көріп, мейірімді болу керектігін үгіттеген. Бес жастан он үшке дейін жұмсауды бұйырып, он үштен кейін өзіңмен теңдей көріп сырласа біл деп насихат айтқан, - дейді дінтанушы Асылбек Аралбай.

Кезінде көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, қазір өзі де көпбалалы ана атанып, немере тәрбиелеп отырған ана Баян Арманқызының айтуынша, қазір қоғамдағы құндылықтар өзгеріп кеткен. Бұрын бірінші кезекке ар-ұят, иман-ынсап тұрса, қазір оның орнын дүние, мансап алмастырған.

Қазіргі кезде жастардың ең үлкен қателігі «баламыз біз көрген қиындықты көрмесін» деп ойлайтындығы. Рас, кім баласының қиналып, арып-аршып жүргенін қалайды дейсіз. Бір әр нәрсенің шегі болу керек. Қиындықсыз өмір болмайды, Бұл өмір тақтайдай тегіс, мамықтай жұмсақ болған емес. Ал сол жастайынан қиындықтың дәмін татпаған бала үлкен өмірге қадам басқанда көп қиналады. Қазақта «баланы аясаң аяма» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынансын көп жастар түсінбейді. Сондықтан да бала тәрбиесіне келгенде осалдық танытып жатыр. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген. Қазір өзі құндылықтардың орыны ауысып кеткен заман болып тұр ғой. Бұрын дүниенің аса құны болмаса, қазір керісінше, мейірімнің, махаббаттың, адамгершіліктің, сыйластықтың құны қалмай бара жатыр. Әлгі әлеуметтік желіден түрлі жауыздықтар айтылып жатады. Соның бәрін жасап жүрген бесіктен әлі белі шығып үлгермеген жап-жас балалар. Неге? Себебі, оларға мейірім дәні егілмей қалған. Ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жіберетін, не жақсылықтың, не жардың қадірін білмейтін жастар қайдан шығып жатыр? Осы рухани құндылықтың жоқтығынан шығып жатыр, - дейді көпбалалы ана.

Өзгелердің жаңалығы