Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы 1,5 жылға дейін ұзартылуы мүмкін

29 Шілде 2022, 17:08
2161
Бөлісу:
Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы 1,5 жылға дейін ұзартылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру» қорының бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлімдеді. 

Елімізде бала күтіміне байланысты төлем сәби дүниеге келген соң бір жыл төленетіні белгілі. 

Әлеуметтік кодекс шеңберінде бала күтімі бойынша төленетін төлемді бір жарым жылға дейін көбейту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Біздің міндетіміз – аталған жүйенің тұрақтылығы мен қаржылық беріктігін қамтамасыз ету. Өйткені әлеуметтік міндеттемелер ұзақмерзімді сипатқа ие. Ай сайын бұл төлемді алып отырған мүгедектігі бар тұлғалар немесе асыраудағы адамдар бар. Қазіргі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жағдайын есепке ала отырып, бала күтіміне байланысты төлемді сәби бір жарым жасқа толғанша төлеуге ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр, - деп атап өтті қор басшысы. 

Аталған мәселені талқылау мен талдау үшін қорға ұсыныс жасалған. 

Біз аталған жағдайды талдап, оның динамикасын қарастырудамыз. Ең алдымен, халықаралық нұсқаулықтардың сақталуын қамтамасыз етеміз. Мысалы, табысынан айырылуына байланысты төлем 40% орнын толтыру коэффициентін қолдана отырып белгіленеді. Яғни соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ы беріледі. Ал халықаралық нұсқаулықтарда 45%-дан кем қамтылмауы ұсынылады. Сондықтан әлеуметтік сақтандыру жүйесін ұсынатын ұйым ретінде осы ұсынысты алға тарттық. Қазір Әлеуметтік кодексті әзірлеу деңгейінде қарастырылуда, - деді Нұрсұлу Кемел.

Өзгелердің жаңалығы