Бала бізден қолдау таппаса, оны тілі-ділі, мәдениеті мен дәстүрі басқадан табуы мүмкін – Күләш Шәмшидинова

21 Қазан 2022, 13:20
1846
Бөлісу:
Бала бізден қолдау таппаса, оны тілі-ділі, мәдениеті мен дәстүрі басқадан табуы мүмкін – Күләш Шәмшидинова

Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова  «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, форумның атауына толассыз ақпараттар ағымында қалып, санасы сан-саққа бөлінген қазіргі ұрпақты оқытып, тәрбиелеу ісінде оларға қамқорлық танытып, жақсы көрудің аса маңыздылығына назар аудару қажеттігі себеп болған.

Дәстүрлі қазақ қоғамында бала тәрбиесі ұрпақ сабақтастығында дамып келді. Бала отбасында ата-әже мейіріне қанып, әке-шеше тәлімін алып, солардың бағыт-бағдарын қазық етіп, мектептегі ұстазымен бірге ұстамын қалыптастырып, өмірден өз жолын табатын. Жүрер жолы мен шығар биігін отбасы мен мектептегі тәрбие ықпалымен анықтайтын. Технологиялар қарқынды дамып, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі шақта балаға ықпал ететін ортаның ауқымы кеңейді. Баланың ортасы енді отбасымен, мектеппен, ауыл мен ауламен шектелмейді. Оларға интернет қосылды. Сан салалы, пайдалы-пайдасыз сәт сайын жаңарып отыратын ақпараттар оң-солын ажыратпаған бала санасына салмақ салған мына заманда балаларымызға ата-ананың мейірі мен қоғамның қолдауы ерекше қажет. Егер олар бізден қолдау таппаса, ол оны тілі мен ділі, мәдениеті мен дәстүрі басқадан табуы мүмкін. Бала уақыт озған сайын шынайы өмір мен виртуалды әлемді ажырата алмай, иелі қоғамда иесіз қала ма деген қауіп те бар, - деп атап өтті басқарма төрайымы.

Сонымен қатар ғалым отбасы – алтын бесік болса, мектеп – алтын ұя екендігін еске салды. Осы екі ортаның мақсаты – ортақ, міндеті – біреу.     

Бұлай жалғаса берсе, жаны қасаң, жүрегі қатты робот-адамдар қоғамы қалыптаса ма деген ой көңілге үрей туғызады. Сондықтан білім беру және тәрбиелеу ісін ізгілендіру – бүгінгі күннің уақыт күттірмес міндетіне айналып отыр. Бұны шешудің жолын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ізгілік концепциясы қазақы дәстүр мен халықтық тәрбие негіздерінде жатыр, - деді Күләш Шәмшидинова. 

Еске сала кетейік, бүгін Астанада «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» атты ХІІІ халықаралық ғылыми-практикалық форум өтіп жатыр. Конференцияға әлемнің 15-тен аса елінен онлайн және оффлайн форматта 1300-ге жуық адам қатысуда. 

Өзгелердің жаңалығы