Балқашта әуе жыландар фестивалі өтті

17 Маусым 2019, 21:55
2115
Бөлісу:
Балқашта әуе жыландар фестивалі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқашта туристік форум шеңберінде алғаш рет әуе жыландары фестивалі ұйымдастырылды. Жастар ресурстық орталығы және қалалық оқушылар сарайы бұл шараға бастамашы болды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Техникалық шеберлікті сүйетіндер мен көрермендер қалалық жағажайда бас қосты. Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, шараға қатысуға 53 команда өтінім берген. Олардың қатарында балалар мен жасөспірімдер, мектеп оқушылары мен колледж студенттері болды. Бұл күні ауа райы да ұшу аппараттарын іске қосуға қолайлы болды – желдің күшімен айдаһар және құс түрінде жасаған әуе жыландары аспанға оңай көтерілді.

Жыландардың бірі тіпті 150 метр биіктікке жетті.

«Біз бүркіт түріндегі әуе жыланының үлгісін сатып алдық және оны өзіміз біраз жетілдірдік. Бауын жібек жіптерге ауыстырдық. Алдын ала жаттығу жасалды. Нәтижесінде біздің жылан жоғары көтерілді, содан кейін біз оны жоғалтып алдық. Біреулердің әуе жыланы біздің бауымызды кесіп жіберді. Сондықтан ол белгісіз бағытта ұшып кетті», - дейді модель иелері, жастар ресурстық орталығының еріктілері Нұрлан Мұратов пен Рахман Қасенхан.

Жеңімпаздар түрлі номинациялар бойынша іріктелді: супер-жылан; өз қолымен жасалған жылан; ең әдемі, ең алыс (ең жоғары биіктікке көтерілген) және патриоттық («менің сүйікті қалам деген жазуы бар). Командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы