Балқашта «Балапан» бағдарламасы аясында жаңа балабақша ашылды

25 Қыркүйек 2019, 01:46
2421
Бөлісу:
Балқашта «Балапан» бағдарламасы аясында жаңа балабақша ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш қаласында «Алтын сақа» жекеменшік балабақшасы ашылды. Ата-аналар оған сәбиін қолжетімді бағамен орналастыра алады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуды қарастыратын «Балапан» бағдарламасына енді.

"Бұл қаладағы екінші жекеменшік балабақша. Өткен жылы 40 орындық «Балапан» балабақшасы ашылды. Бүгін 40 баланы қабылдайтын «Алтын сақа» балабақшасы өз есігін айқара ашты. Біз онда мемлекеттік тапсырысты орналастырамыз және бюджеттен шығыстардың бір бөлігін өтейтін боламыз. Нәтижесінде ата - аналар айына бір балаға 10356 теңге төлейтін болады", - деді қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова.

Ол қалада жаңа балабақшалар тапшы екенін және осы мәселені шешу үшін «Балапан» бағдарламасы әзірленгенін атап өтті.

Жеке кәсіпкер Ақбота Омарбекова баланы балабақшаға орналастыру кезіндегі қиындықтарға тап болғанын айтты. Осыдан кейін, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шарттарын зерделеп, әлеуметтік жобаға кіріскен.
Жаңа бала бақшаны жайластыруға кәсіпкер үш ай уақыт жұмсаған екен. Оның айтуынша, жабдықтауға 30 млн теңге жұмсаған, алайда уақыт өте келе шығындары өтелетініне сенімді.

Осы жобаның арқасында балқаштықтар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Екі қызметкер жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасты.

Балабақшада ағылшын тілі үйірмесі бар. Сондай-ақ балалармен логопед және хореограф айналысады. Болашақта қызметтерді кеңейту және орындар санын арттыру жоспарлануда.
Өзгелердің жаңалығы