Балқаш, Ұлытау және Қарқаралы туризмін дамыту қолға алынуда

13 Ақпан 2020, 11:27
1669
Бөлісу:
Балқаш, Ұлытау және Қарқаралы туризмін дамыту қолға алынуда
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Облыстағы туристік әлеуетті арттыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Ол – Балқаш, Ұлытау және Қарқаралы аймақтарын дамыту, саяхатшыларға барлық жағдайды жасап, қызмет көрсету сапасын барынша жақсарту.

Балқаштың көк теңізі, Ұлытаудың ұлы ескеркіштері мен Қарқаралының тұмса табиғаты өңірге ат басын бұратын туристердің қатарын көбейтуге таптырмас орындар екені белгілі.

Қазақстанның негізі туристік аймақтарының ондығына кірген Балқаш жағалауы, ТОП-50-ге кірген Ұлытау тарихи-мәдени кешені мен Қарқаралы курорттық аймағын дамыту үшін қандай шаралар жоспарланғанын, қандай істер атқарылғанын облыс басшысы Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдындағы есеп беруінде баяндады.

Бірінші кезектегі міндет – құрылыс салу үшін оған апаратын инфрақұрылымды ретке келтіру және қызмет көрсету сапасын арттыру. Балқаш бойынша – демалыс аймағының инфрақұрылымының құрылысына кірісеміз. Электр желісі, су құбырлары тартылып, жағажайлар мен жағалаулар жөнге келтіріледі, - дейді әкім.

Балқаш қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жөнделуі он жылдан бері қаңырап тұрған нысанға жан бітірді. Енді әуежай тәуліктің кез келген уақытында заманауи ұшақтардың барлық түрін қабылдай алады. Қарағанды-Балқаш автобанының құрылысын биыл аяқтау көзделуде. Міне, жоғарыда аталған шаралар Балқаш көліне келушілердің санын бірнеше есе арттырады деп күтілуде.

Ағымдағы жылы құны 1 млрд теңге тұратын 365 орынға шақталған 6 демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Балқаш қаласының туризмін дамыту мақсатында Ақтоғай ауданының Шұбартүбек және Тораңғылық елді мекендерін Балқаш қаласының аумағына қосу қарастырылуда. Аталған шаралар туристік саланы дамытып, аймақтың мүмкіндігін арттыру үшін жасалады, - дейді Жеңіс Қасымбек.
20200212_154617.jpg

Облыс басшысының сөзінше, Ұлытау тарихи-мәдени кешеніндегі ескерткіштер мен жәдігерлердің қолжетімділігін арттыру мақсатында автокөлік жолдарын жөндеу бойынша ауқымды шаралар жасалмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлытау ауданында салынып жатқан визит-орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Қонақ үйлер салып жатырмыз. Сондай-ақ, Жошы хан мазарының жанынан кешен салуды қолға аламыз. Ал, Қарақаралы бойынша жұмыстардың негізгісі инфрақұрылымды жөндеумен байланысты. Туристік нысандар
салу үшін оған апаратын жолдар жөнделуі қажет, - деді аймақ басшысы.

Өзгелердің жаңалығы