Бақытжан Базарбек жерге орналастыру жұмысын лицензиялауды ұсынды

3 Сәуір 2021, 12:44
2486
Бөлісу:
Бақытжан Базарбек жерге орналастыру жұмысын лицензиялауды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында «Bazarbek & Partners» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, заңгер, жер құқығының сарапшысы Бақытжан Базарбек жерге орналастыру жұмысын лицензиялау және жерге орналастыру жұмысын қайтадан аттестациялауды ұсынды.

Тағы бір мәселе – жерді лицензиялау. Жерге орналастыру аясы Жер Кодексі нормаларымен және ережелерімен белгіленеді. Бірақ жерге орналастыру жұмыстарының сапасы өте төмен. Жерге орналастырушылар үлкен қателіктерге бой алдырып отыр. Оның нәтижесінде қарапайым азаматтар соттың шешімі бойынша зардап шегіп отыр. Сонымен қатар заңды тұлғалар жерлерінің бір бөлігінен айырылып отыр, - деп түсіндірді заңгер.

Осы ретте ол Жер комиссиясы шеңберінде жерге орналастыру жұмысын лицензиялау және жерге орналастыру жұмысын қайтадан аттестациялау сияқты ұсынысты шешу керектігіне тоқталды.

Бұл мәселе өте маңызды. Жерге орналастыру тікелей адамға байланысты. Қазіргі таңда жерге орналастыру саласына мамандығы жоқ, тәжірибесі жоқ, ешқашан жерге орналастыру саласында жұмыс істемеген адамдар жұмыс істеп отыр. 2015 жылы бұны лицензияланатын қызметтер тізімінен алып тастап, қателікке бой алдырдық. Енді сол қателікті жоққа шығарып, қайтадан лицензиялап, аттестациялауымыз керек, - дейді сарапшы комиссияның отырысында.

Оның сөзінше, егер лицензия енгізбесек, онда кемінде әрбір жерге орналастырушыға жылына бір рет аттестациядан өту шарттарын енгізу қажет.

Бұған дейін Базарбек ауылдық елді мекеннің маңында арнайы радиусты құру керек екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы