Бакуда ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті

31 Қазан 2019, 08:42
1309
Бөлісу:
Бакуда ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әзербайжанда ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы аяқталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, тараптар 2019 жылға қорытынды жасап, 2025 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын қарастырды. Осы отырысқа Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан қорғаныс министрлері және Қырғызстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы қатысты.

Қатысушылар 2025 жылға дейінгі радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау мен бағалаудың біріккен жүйесін дамыту бағыттарын, нормативтік және құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, білім беру, топографиялық салада бірлескен іс-шараларды өткізу және ақпараттық жариялауда өзара іс-қимылды одан әрі дамыту сөз болды.

Қазақстан үшін ТМД форматындағы әскери ынтымақтастықтың негізгі мақсаты қорғаныс, әскери қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды қолдау және қатысушы мемлекеттердің тұрақты дамуы болып табылады.

"Кездесу қорытындысы бойынша қорғаныс министрлерінің кеңесі кезекті жылға арналған бірлескен іс-шаралар кешенін бекітті, сондай-ақ оның одан әрі жұмыс істеуінің қаржылық аспектілерін және әуе-ғарыш қорғанысы міндеттерін шешуге бейімделуді келісті", - делінген хабарламада.
Бағдарлама аясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысушыларды қабылдады. Сондай-ақ, "Мәңгілік алау" монументіне гүл шоғы қойылды.
Өзгелердің жаңалығы