Бакуде Мұхтар Әуезов туралы кітап таныстырылды

10 Желтоқсан 2020, 16:07
3659
Бөлісу:
Бакуде Мұхтар Әуезов туралы кітап таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында және Мұхтар Әуезовтің өткен туған күніне орай белгілі әдебиеттанушы-ғалым Низами Мамедов-Тагисойдың «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы: дәстүрден жаңашылдыққа» деп аталатын әзербайжан тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға шығармашылық және ғылым, зиялы қауым, Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, әзербайжандық абайтанушылар және «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамының басшылығы қатысты.

Өз сөзінде Қазақстанның елшісі Сержан Әбдікәрімов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Абайдың мерейтойы осы жылы халықаралық және ұлттық деңгейде мерекеленгенін айтты. Абайтанудың жеке әдебиеттану ғылымы ретінде негізін қалаушы, көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов екені атап өтілді. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы дүниежүзі әдебиетінің кітапханасына еніп, әлемнің 116 тіліне аударылып, ұлы қазақ ойшылының баға жетпес шығармашылық және рухани мұрасын бүкіл әлемге ашты.

Кездесудің басты оқиғасы Баку славян университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Низами Мамедов-Тагисойдың әзербайжан тіліндегі «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы: дәстүрден жаңашылдыққа» атты кітабының тұсаукесері болды. Автор қазақ жазушысының феноменін жаңа философиялық-эстетикалық және әлеуметтік-көркемдік тұрғыдан терең зерттеген. Кітап ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жарық көрді, - делінген ақпаратта.

Іс-шара барысында қонақтарға жазушының ұлы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің бейнеүндеуі ұсынылды, онда ол авторға қазақ жазушысын еске алуына құрмет көрсеткен, әзербайжан оқырманына оның шығармашылық мұрасы мен талантын көрсеткені үшін және қазақ әдебиеті мен мәдениетін бауырлас елде танымал еткендіктеріне өз алғысын білдірді.

баку1.jpg

Өз сөздерінде әзербайжандық қалам шеберлері Мұхтар Әуезовтің Абайдың рухани әлемінің ашылуына қосқан зор үлесін, сол кездегі күрделі жағдайда қазақ әдебиеттануының, прозасы мен драматургиясының қалыптасуын, шығармалардың жоғары сапасы мен бүкіл түркі әлемі үшін құнды болып табылатын сан қырлы ұлттық ерекшелігін атап өтті.

Тұсаукесер рәсімі Мұхтар Әуезовтің өмірі мен қызметі туралы деректі фильмді көруімен аяқталды және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген қорытынды іс-шара болды. 


 








Өзгелердің жаңалығы