Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өкінішке қарай жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары өткір проблемаға айналып отыр.
Бұл орайда елордалық Достық үйінде "Астана-адалдық алаңы" жобасы аясында "Жол үстіндегі қауіпсіздіктің кешенді мәселелері" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынның басты мақсаты - қыс алдында бұл шаруаларды пысықтап, оқыс оқиғалардың алдын алу.
Шараның модераторы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, "Астана – Адалдық алаңы" жобасының кураторы Бақтияр Мәкеннің айтуынша, ең маңыздысы салғырт қараудан болатын қайғылы жағдайларға жол бермеу.
"Бүгінгі дискуссиялық алаңда қала жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру, жол сапасын жақсарту және балалардың білім беру ұйымдарына қозғалыс бағыттары бойынша жайластыруды жан-жақты талқыға салмақшымыз. Мәселен, күні кеше ғана Көкшетауда кішкентай бала үй маңындағы құдыққа түсіп кеткен. Мұндай жағдайлар елордада жиі орын алады. Күн сайын бетпе-бет келеміз. Балалардың жол қауіпсіздігін жіті назарға алу керек. Мектепке аман-есен барып келуін қамтамасыз етуге тиіспіз. Бағдаршамдар, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолы тиісті деңгейде орналастырылып, жол сапасын жетілдіру жұмыстары атқарылып жатыр. Дегенмен де балаларды көлікпен мектепке апаратындар үшін мүмкіндік мүлдем жоқ десек болады. Жолды жауып тастайды. Тиісті мекенжайға жете алмайсың. Жан-жағын қоршап тастаған. Өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері былай тұрсын, тіпті автомашиналар да ол жерге кіре алмайды", - деді Бақтияр Мәкенұлы.
Әкім орынбасарының сөзіне сүйенсек, Ikomek қызметінің арқасында Call-орталыққа көптеген шағым тұрғындардан, ата-аналардан келіп түседі екен. Шағымданған шаһар тұрғындары қандайда бір оқиғаның фото-суреттерін де жедел жіберіп, тиісті көмек ала алады.
"Астана- адалдық алаңы" жобасының жетекшісі, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шәкенов кейбір көшеде бағдаршамдардың істен шығып жұмыс істемейтінін, тоқтап қалатынын да тілге тиек етті. Мәселен, қаладағы "Өркер" тұрғын-үй массивінде жол жөндеу және инженерлік желі тарту жұмыстарының жүргізіліп жатқанына 10 жыл болған. Әлі күнге дейін аяқталмаған. Осыған ұқсас жайттар қала орталығында да, шет жақтағы аудандарда жетіп артылады.
"Кез-келген оқыс жағдайдын алдын алу, яғни профилактикалық жұмыстар өте тиімді тетік болып табылады. Мына көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол неге салмайсыздар деген сыңайлы арыз-шағымдар жиі айтылады. Алайда, халық түсінсе екен дейміз. Біз кез келген жерге бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер жолын орната алмаймыз. Белгілі бір нормативтер бар, соған сүйенеміз", - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Ерлан Тулеубаев.Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті өкілі Нұрлан Уваевтың айтуынша, биыл 900 мыңнан астам заң бұзушылықтар тіркеліп, 3 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған.
"Тамыз айында 100-ден астам білім беру нысандарындағы жол қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз еттік. Аялдамада қоғамдық көлікті адамдар ұзақ уақыт күтіп қалмауы үшін, әсіресе қыс мезгілінде, күту аралығын 5-7 минутқа азайттық. Бұрын 15-20 минут болатын", - деп айтты Нұрлан Уваев.
Айта кетейік, ішкі істер органдары қала жолдарындағы бақылауды күшейту бойынша тұрақты жұмыс атқаруда.