Астанадағы Триатлон саябағында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Құрылтай депутаттары сайлауына арналған үгіт-насихат науқанын дәстүрлі «Baitaq Run Fest» эко-марафонымен бастады. Таңғы сағат 07:00-де өткен іс-шараға 200-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марафонға партия мүшелері, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, белсенділер мен экологиялық бастамаларды қолдаушылар жиналды. Қатысушылар 2,5 шақырым қашықтыққа жүгірді.
Гүлжан Раманқұлова
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, «Baitaq Run Fest» акциясы төрт жылдан бері өткізіліп келеді.
Бұл шара арқылы денсаулықтың маңызын, салауатты өмір салтын және ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат еттік. Сонымен қатар партияның негізгі ұстанымы – таза ауа, таза су, таза жер және таза адами қарым-қатынас екенін жеткіздік, – деді ол.
Марафоннан кейін қатысушылар Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін орындады.
Гүлжан Раманқұлова
Құрылтай депутаттығына ұсынылған партияның 47 кандидатының қатарында түрлі сала өкілдері бар.
Кандидаттың барлығы Орталық сайлау комиссиясында тіркелді. Кандидаттардың қатарында 13 эколог, үш гидротехник, жер саласының мамандары, заңгерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ көпбалалы аналар бар. Құрылтай – заң шығарушы орган. Сондықтан заңнаманы жетілдіруге үлес қоса алатын түрлі саланың мамандарын ұсындық, – деді Азаматхан Әміртаев.
Сондай-ақ партия өкілдері Ботаникалық бақта спортпен айналысатын жастармен кездесіп, сайлауалды бағдарламада қамтылған бағыттар туралы ақпарат берді және жастардың сұрақтарына жауап берді.
Гүлжан Раманқұлова
Партия төрағасының айтуынша, сайлауалды бағдарлама бес негізгі бағыттан тұрады: экология, әділетті экономика, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ауылдарды дамыту және креативті индустрияларды қолдау. Сондай-ақ бағдарламада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау мәселесі де қамтылған.
Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді.