Бағдат Мусин жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

31 Тамыз 2020, 16:50
1793
Бөлісу:
Бағдат Мусин жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің (ТОБЖ) құрылысы аяқталды. 

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин 4G стандартындағы базалық станцияның іске қосылуымен танысу үшін өңірге арнайы келді.

Пионерское ауылына орнатылған базалық станция тек осы ауылды ғана емес, сонымен бірге жақын маңда орналасқан Центральное ауылын да жоғары жылдамдықтағы Интернет байланысымен қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде еліміздің ірі байланыс операторлары іске асырып жатқан "оптоталшық" құрылысының нәтижесінде өңірге 876 км. ТОБЖ төселіп, 36 ауыл (барлығы 121 аурухана, мектеп, әкімдік) кеңжолақты Интернетпен қамтылды.

Ауылдарды ТОБЖ технологиясы бойынша жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтамасыз ету жобасы 2018 жылы басталып, еліміздің төрт өңірінде: Батыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облыстарында толығымен аяқталғанын айтып өткен жөн. Бүгін олардың қатарына Қарағанды облысы қосылды.

Бағдат Мусиннің айтуынша, еліміздегі ірі өнеркәсіп ошақтары көп өңірдің бірінде «оптоталшық» төсеу жұмыстарын аяқтау өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға ықпал етеді.

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы міндетті шарттардың бірі – жоғары жылдамдықты интернетпен қамту. Ауыл жастарының еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін интернетсіз сапалы білім алу мүмкін емес. «Оптоталшықты» байланыс желісін салу жобасы елімізге адами капитал әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алатын болса, ауылдық ауруханалар телемедицина элементтерін пайдалана алады. Ал ТОБЖ-ға қосу арқылы ұялы байланыс операторлары өз желілерін кеңейтіп, ел халқының 99%-дан астамын кеңжолақты интернетпен қамту мүмкіндігіне ие болмақ. Бұны елдегі цифрлық теңсіздікті жоюдағы серпіліс деп атай аламыз, - деді Бағдат Мусин.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, өз кезегінде ТОБЖ жобасын одан әрі іске асыру нәтижелерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жоба 2,5 мыңға жуық мемлекеттік мекеме жұмыс істеп жатқан 828 ауылға деректерді берудің барлық технологиясының арасында сапасы ең жоғары және үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін оптоталшықты жеткізуді көздейді. Ол үшін біз еліміз бойынша 14,5 мың км байланыс желісін төсеуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде 12 мың км-ден астам желі төселіп, 632 ауылдық елді мекенде ТОБЖ-ға 1900-ден астам мектеп, аурухана, әкімдік, полиция бөлімшелері және басқа да мемлекеттік мекемелер қосылды, - деді Қуанышбек Есекеев.
Бұл жоба қазақстандық ауылдарды ұялы байланыспен және мобильді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған тағы бір ауқымды «250+» жобасын іске асыруға ықпал етеді. Бағдат Мусин осы екінші жоба аясында Kcell ұялы байланыс операторының Пионерское ауылында базалық станцияны орнату жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысты. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушыны ауылда базалық станция орнатылғаннан кейінгі перспективалардан хабардар етті.
Оптиканың өңірлерге жеткізілуі ұялы байланыс операторларына бірқатар мүмкіндік береді. Енді олар өздерінің базалық станцияларын дайын инфрақұрылымға орната алады. Халқының саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету жобасы шеңберінде Kcell акционерлік қоғамы 307 ауылдық елді мекенді интернетке қосады. 800МГц диапазоны 4-5 километр радиустағы аумақты интернет байланысымен қамтуға мүмкіндік береді, - деді Kcell АҚ Бас техникалық директоры Асқар Есеркегенов.
Сонымен қатар, делегация сапар барысында Пионер ауылындағы балалар үйіне барып, компьютерлік сыныппен, Осакаров ауданының қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметімен танысты. 
«Террикон алқабы» IT-hub жобасының тұсаукесері

Сапар барысында Бағдат Мусин «Террикон алқабы» IT-hub жобасын әзірлеушілермен кездесті. Бұл қазақстандағы үздік әзірлеушілер мен IT-саласының мамандарын біріктірген бірегей жоба. 

Осы жоба аясында айналысып жатқан жұмыстарыңыздың бәрі – қазіргі уақытта өте өзекті. Мен өз әріптестерімді, цифрландырушылар мен жаңашылдарды көріп тұрмын. Біздің жастар өте креативті және келешегінен зор үміт күтеміз, дегенмен олардың жобаларын жүзеге асыруына, өзін-өзі дамытуына жағдай жасау керек. Міне осындай жобалар оларға көмектеседі. Өздеріңіз білетіндей, елімізде Astana hub IT-стартаптарының ірі технопаркі жұмыс істейді. Қазір ол 100%-ға толық. Олардың стартап бастамаларын халықаралық сарапшылар да бағалап үлгерді. Қазір біз осындай бастамалардың қажеттілігін көріп отырмыз, яғни Сіз дұрыс бағыт ұстандыңыз, - деп атап өтті Бағдат Мусин.

Жоба жұмысын жоғары бағалаған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин бұл бастамалардың әсіресе жастардың цифрлық идеяларын дамытуға айтарлықтай серпін беретініне сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы