“Бағаны дұрыс қой, әділ жұмыс істе”. Депутат саудагерлер халықты алдайтынын айтты

Бөлісу:
“Бағаны дұрыс қой, әділ жұмыс істе”. Депутат саудагерлер халықты алдайтынын айтты
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин кәсіпкерлер халықты қанайтынын айтып, заңды бұзғандар айыппұл төлеуі керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Мәжілісте тауар сауда-саттығында айыппұл мәселесі көтерілген болатын.

Мен де осы нормаға байланысты өзімнің пікірімді айтқым келеді. Жалпы медальдің екінші жағы бар. Оны да ұмытпауымыз керек. Ең басты мәселе - біздің Конституциямызда жазылған бірінші бап бар. Бұл адамның өмірі мен оның денсаулығы және оның құқығы деген норма. Соны біз қорғауымыз керек. Яғни, бұл жердегі мәселе - жаңа айтып отырған қолданыстағы нормадағы айыппұлдарды азайту. Енді егер біз оны азайтсақ, бұл неге апаруы мүмкін? - деді депутат.

Ол сандарға назар аудару керегін айтты. Ол осы мәселені зерттеген.

2023 жылы сәуір айында жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік қадағалау Үкіметке берілген. Осы арада бүгінге дейін кәсіпкерлерге 1059 әкімшілік шаралар қолданған. Бірінші рет заңды бұзғаны үшін. Бұл қандай заңды бұзушылар? Өздеріңіз жақсы білесіздер, көбіңіз жергілікті жерде жұмыс істедіңіздер. Бұл - бағаны дұрыс қоймау, бағаны тіпті қоймау немесе сөрелердегі тауарлардың бағасын азайтатын акциялар жазып қояды. Мысалы, 50 пайызға деп, бірақ кассаға келген уақытта басқа бағаны алады. Оған қоса, мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату, немесе техникалық регламентке сәйкес келмейтін тауарларды сату деген көптеген құқық бұзушылық, біздің тұтынушылардың біріншіден құқын бұзады, екіншіден сауда ережесін бұзып отыр. Осындай кәсіпкерлер біздің арамызда бар. Міне бұл норма соларға арналған, - деді Еділ Жаңбыршин.

Егерде ол екінші рет қайталанатын болса, оның айыппұлы көбейеді. Енді сол 1059 айыппұлдан кейін, әртүрлі әкімшілік шаралардан кейін екінші рет бұзғандардың саны күрт өзгеріп кеткен, яғни азайып кеткен. Бар болғаны 47 факт.

Яғни, бұл норма жұмыс істеп жатыр деген сөз. Енді қызықты қараңыз. Әлемдік практиканы қарайық. Британияда Бирмингем қаласында TESCO деген компания 400 грамм клубниканың бағасын дұрыс қоймай 500 мың долларға айыппұл салды. Чехияда сыра сататын Билль деген компания сөреде басқа баға, кассада басқа баға, оны алады да 280 мың кронға айыппұл салады. Бұл біздің бағамен қазіргі курспен есептегенде 6 млн-ның үстіндегі ақша. Біліп отырсыздар ма, бұл тек біздің Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропада, бүкіл озық мемлекеттерде осындай, тұтынушының құқығын шектеген немесе оның құқығын бұзған компаниялардың бәріне, кәсіпкерлерге үлкен айыппұлдар салады. Біз ең бірінші кезекте әділ қоғам дейтін болсақ, онда тұтынушыны қорғауымыз керек. Неге? Қазір кәсіпкерлер көп айыппұл төлейді дейді. Қараңыздар, үлкен супер, гипер маркеттерде әлеуметтік маңызы бар, картоп болсын, ұн болсын, шекер болсын, күріш болсын соған 20 теңге, 30 теңгеден немесе 20, 30 пайызға бағасын көтереді. Базарбек Бақытжан дұрыс айтты, кәсіпкерлер қу. Солар жаңағы бағаны қойып қойып, қаншама мыңдаған адам ай сайын сол жерден өтеді. Олар содан миллиондаған негізсіз пайда тауып отыр ғой. Біз ол жағын да қарауымыз керек. Сонда олар кімді алдап отыр? Бірінші кезекте әлеуметтік жағынан өте қорғалмаған біздің азаматтарымызды зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар бірінші кезекте алданып қалады, - деп айтты Еділ Жаңбыршин Мәжілісте.

Депутат бұл норма қазіргі таңда өзінің нәтижесін беріп тұрғанын айтты. Депутат норманы әлі де қарап, қазір асығыстыққа бармауға шақырды.

Мынадай бір мәселе бар - кәсіпкер жақсы жұмыс істесе, ол заңды бұзбаса, неден қорқады? Сен ештеңені бұзба, бағаны дұрыс қой, әділ жұмыс істе, ашық жұмыс істе,сапалы заттарды сат, сонда ешкім айыппұл салмайды. Ал егер заң бұздың ба, онда мемлекет алдында, халықтың алдында жауап бер. Сен таза жұмыс істе, елді алдама. Әйтпесе, мобильді топ келеді басқа баға, мобильдік топ кетеді басқа баға. Бүкіл ел болып, қоғам белсенділері болып, депутаттар болып, әкімшілік болып, осы мәселені реттейміз деп жүр, ал олар отырып алады да халықты осылай қанайды. Мен солай деп есептеймін, - деп ойын қосты Жаңбыршин пленарлы отырыста.

Депутат бұл норма қажет екенін және осындай шаралар арқылы мәдениетке жететінімізді қоса кетті.

Кәсіпкерлер дұрыс жұмыс істесе, оларға ешкім айыппұл салмайды. Дұрыс жұмыс істе, сонда ешқандай сұрақ болмайды, - деді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Мәжіліс Мәжіліс “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңын екінші оқылымда мақұлдады. Енді айыппұлдар мен ШОБ-тан түсетін салықтар жергілікті бюджеттерге аударылады.

Сондай-ақ депутат Азат Перуашев айыппұл мөлшері өте үлкен екенін айтып, "штрафстанға” айналып бара жатқанымызды көтерді.

Өзгелердің жаңалығы