Алматының орталығынан расында кімдерді көшіргісі келеді, балаларды ма, әлде ескі ғимаратты ма? Мұның элиталы құрылысқа қандай қатысы бар?
Бағанашыл ықшам ауданының ең көрікті жерінде, Әл-Фараби даңғылының бойында, Іле Алатау етегіне элиталық коттедждер салуға көптен бері қызығушылық бар. Дәл осы жерде жарты ғасырдан астам уақыт бойы Алматы облыстық №1 балалар үйі тұр. 1963 жылы салынған бұл ғимараттың тозығы жеткен: қабырғалары жарылған, инженерлік желілер әбден ескірген, акт залы, спорт алаңы жетіспейді, апаттық қауіп бар. Бірақ мемлекеттік сараптаманың ресми құжатында ғимарат апаттық деп танылмаған, жөндеу қажет деп көрсетілген.
Жақында балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласындағы жаңа мекемеге көшіру басталды. Бірақ балалар бұған қарсы болды. Алматы қаласының тұрғындары мен кейбір депутаттар да балаларды қолдап шықты. Олар балалар үйін көшірудің шынайы себебі – жер телімінің құндылығы мен коммерциялық қызығушылық деп есептейді. Ал әкімдік бұл процесте тапсырысты орындайтын тарап ретінде әрекет етуде.
Жуырда ел Президенті балаларды Бағанашылда қалдыруды және осы мәселеге байланысты тергеу жүргізуді тапсырды.
BAQ.KZ тілшісі осы оқиғаның әділеттілігі қандай, ресми мәлімдемелердің артында не жасырылғанын анықтауға тырысып көрді.
Үш жер телімінің тарихы: балалар үйінен жер қалай алынды
Бағанашылдағы балалар үйінің тарихы өңірдегі әкімшілік өзгерістермен тығыз байланысты. Алматы қаласы мен Алматы облысының шекаралары бірнеше рет түзетілген. Әл-Фараби даңғылының жоғары жағындағы аумақ тарихи түрде Алматы облысына тиесілі болған. Уақыт өте келе, Алматы қаласының аумағы кеңейген сайын кейбір учаскелер қаланың юрисдикциясына өтті, бірақ ресми түрде облысқа қарайтын болып қала берді. Мұндай "геосаяси түсініспеушілік" көптеген заңдық қиындықтар тудырды.
Балалар үйінің иелігінде үш жеке жер телімі болған. Оның бірі – негізгісі, дәл балалар үйі тұрған жер. Екіншісі – Ерменсайда орналасқан, негізгі ғимараттан 10 минуттай жоғарыда орналасқан жер. Бұрын бұл жерде балаларға арналған шаруашылық жер телімі болған. Бұл кең, жасыл аймақ, демалыс үшін өте қолайлы орын еді. Бірақ соңғы жылдары бұл учаске мүлдем қараусыз қалдырылған.
Оны жөндемеді, әдейі тастап қойған сияқты. Қазір ол апатты жағдайда, балалар ол жаққа бармайды да. Барлығы сол бағытта өрбіп жатқандай: кейін бұл жер "қолайсыз" деп танылып, балалар үйінің балансынан шығарылуы мүмкін, – дейді қоғам белсендісі Аружан Саин.
Үшінші учаске – әлдеқашан "кетіп қалған". Қалай кеткені белгісіз, бірақ ол мекеменің меншігінде емес. Бұл бұрынғы қызметкерлер мен қоғам өкілдерінің алаңдаушылығын тудырды.
Осылайша, формалды түрде бұл мекеме Алматы облысына қарайды, ал шын мәнінде – Алматыда орналасқан. Балаларды облыстан әкеледі, бірақ қала орталығындағы жер үшін жасырын күрес жүруде. Аружан Саинның айтуынша, бұл оқиға бір маңызды оқиға болмағанда тасада қала берер еді.
2025 жылдың ақпанындк балалар үйінің аумағына жұмысшылар келіп, ағаштарды отауға кіріскен. Олар әрекеттерін ресми ескертусіз, рұқсат берілгенін көрсететін тақтайшаларсыз, қоғамдық тыңдаусыз жасаған. 150-ге жуық ағаш кесілген, соның ішінде тек 50-іне ғана қандай да бір құжаттар болған. Жұмысшылар өз ниеттерін жасырмаған: балалар үйінің орнына тұрғын үй кешені салынады-мыс. Бұл алғашқы дабыл болды: мәселе балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту емес, аумақты коммерциялық құрылыс үшін дайындау.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, эколог Тимур Елеусізов бұл әрекеттерді қатаң сынға алды және ағаштарды кесу мен балалар үйін көшіру туралы шешімдерге қатысты шенеуніктердің шынайылығына күмән келтірді. Оның айтуынша, жасыл желектерді жоюға қатысты құқық қорғау органдары үнсіз қалды – оларға ешқандай шара қолданылмаған.
Эколог ағаштарды кесу бойынша өтемақы туралы мәселені де көтерді. Заң бойынша, бір ағаш кесілсе, 50 ағаш отырғызылуы тиіс екенін еске салды.
160 ағашты 50-ге көбейтіңіз – олар 1 шақырым радиуста қанша ағаш отырғызуға тиіс екені шығады. Ал егер сол радиуста бос жер болмаса, отырғызу әкімдіктің таңдауы бойынша жүргізілуі керек. Бірақ менің білуімше, ешқандай өтемақы жасалған жоқ. Бұл Экология басқармасына қойылатын сұрақ: ағаштар қайда, өтемақы қайда, бұл үшін кім жауап берді? – дейді депутат.
Ғимараттың жағдайы: шын мәнінде апатты ма?
Депутат ғимараттың шын мәнінде апатты деп танылуы қисынсыз дейді.
Ғимараттың жағдайы жаман емес, соншалықты ескі де емес, тозығы жеткен деп те айтуға келмейді, тек жөндеуді қажет етеді. Тек шатырдың герметикасы нашар болғандықтан, су ағып кеткен жерлер бар. Бұл аса маңызды емес, жөндеуге көп қаржы да кетпейді. Жөндеу жұмыстарын жасап, қасбетін дұрыстап, төсеніштерін ауыстырса, бәрі жақсы болады. Бұл ғимарат қарапайым кеңестік мектептерден еш айырмасы жоқ, – дейді эколог.
Ең ауыр сұрақ – неге мемлекет жақсы учаскесі мен дайын ғимараты бола тұра, балалар үйін әдейі нашар жағдайға жеткізді?
Ғимарат – кеңес дәуірінен қалған мықты құрылыс, 1963 жылы салынған. Оны апатты күйге дейін қалай жеткізді? Ғимараттың артында үлкен аумақ бар – футбол алаңы, бұрынғы бақша, жеміс ағаштары. Балаларда тіпті трактор да болған, олар өздері көкөніс өсіретін, – дейді Аружан Саин.
Сондай-ақ ол Ерменсайдағы балаларға арналған шаруақожалықтың тағдырын да қозғап өтті. Жазғы демалысқа таптырмас орын қазір қирандыға айналған.
Елеусізов және басқа да қоғам белсенділері балаларды өздері үйреніп қалған ортасында қалдыру қажет деп есептейді. Ал балалар үйін көшіру шешімі, оның пікірінше, жемқорлық мүддеден туындаған.
Олар балаларды көшіреміз деп жатқан, бұл шешімнің артында тұрған шенеуніктердің жемқорлық дауысы. Бұл жерде қызметтік тергеу жүргізілуі тиіс. Қажет болса осы іске қатысы бар барлық қызметкер отставкаға кетуі немесе қылмыстық жауапқа тартылуы қажет, – деді депутат.
"Алтын жер" және меморандум: кім және не үшін қол қояды?
Қызық жайт: формалды түрде Алматы облысының юрисдикциясында саналатын балалар үйіне қатысты негізгі шешімдерге Алматы қаласының әкімдігі белсенді қатысып отыр. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: жер облысқа тиесілі, балалар да облыс қарамағында болса, онда не үшін қала билігі бұл іске араласады?
Жер облыстікі болғанда, неге меморандумға қол қойылады? Алматы қаласы әкімдігі бұл іске неге араласып отыр? Мен Прокуратурадан, Антикордан және басқа органдардан жауап сұрадым. Бәрі бір-біріне сілтеп, нақты жауап бермеді. Бірақ бізде балалар омбудсменінің, әкімнің және басқа да ресми тұлғалардың сөздері бар. Олар тәрбиенелушілер осы балалар үйінде қала береді деп көпшілік алдында мәлімдеген, – дейді Аружан Саин.
Бұл қоғам белсенділерінің күдігін нығайта түсті. Бұл мәлімдемелер тек уақыт ұту үшін жасалған, дау басылғанша, кулуарда "жер босату" жұмысы жалғасқан.
Әкімдік үнсіз қалды: құрылыс туралы ешқандай құжат жарияланбады, қоғамдық тыңдаулар болған жоқ. Бірақ ақпанда ағаштар кесілді, ал кескендер мойындағандай, ол жерде тұрғын үй кешені салынбақ.
Архитектор не дейді?
Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары жобасының сараптамалық комиссиясының мүшесі, Алматы сәулетшілер қауымдастығының мүшесі Павел Савранчук айтады: ресми түрде бекітілген жоспарлау жобасы (ПДП) бойынша балалар үйі "денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мекемесі" ретінде (шартты белгі – көк түспен) көрсетілген.
Жобаның бекітілуі 2023 жылдың 29 желтоқсанында болған. Бұл аумаққа қатысты ешқандай өзгеріс қарастырылмаған. Демек, нысанның тағдыры ПДП жасаушылардан жасырын шешілген немесе бұл ПДП – қоғамды алдау үшін жасалған бүркемелеу. Ерекше жағдай – оқиға екі әкімшілік аумақта (қала мен облыс) өтіп жатыр, ал олардың ештеңеден хабарсыз болуы мүмкін емес, – дейді архитектор.
Ол ғимараттың апатты деп танылғанына күмәнмен қарайды. Құрылыс саласына қатысы бар, балалар үйінің фото, видеоларын көрген адам ретінде ғимарат ірі блокты конструкциялармен, мүмкін, индустриалды темірбетон қаңқамен салынғанын айтады. Бұл сол кезеңдерде қоғамдық нысандар салуға арналған озық әдіс болған. Ол кезде сейсмотұрақтылыққа қойылатын талаптар да жоғары болған.
Мүмкін, жаңа талаптарға сай болу үшін нығайту қажет шығар, бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл аймақта қала жоспарында бұрыннан түрлі балаларға арналған білім мекемелері шоғырланған, инфрақұрылымы жақсы. Бұл дегеніміз – мұнда жаңа тұрғын үй салу үшін мектеп немесе балабақша салудың қажеті жоқ. Бұл осы іске мүдделі тараптардың назарынан тыс қалмаған болуы мүмкін. Ал учаске босатылған соң, құрылыс компаниясы дайын жерге ие болады – сыртқы желілермен қамтамасыз етілген, ешқандай өтемақы немесе көшіру шығындары жоқ. Бұл осы оқиғаның кейбір ашық көрінбейтін, бірақ маңызды тұстары, – деп қосты архитектор.
Қайталаған сценарий: Бөгенбай батыр көшесіндегі интернат – тағы бір "алтын" оқиға
Бағанашылдағы балалар үйінің жағдайы осы секілді жалғыз оқиға емес. Алматының басқа аудандарында да дәл осындай сұлба байқалады. Балалардың мүддесін желеу етіп, шын мәнінде қымбат жерлерге деген коммерциялық қызығушылық жүзеге асырылады. Жарқын мысал – Алматы облысына қарасты дарынды балаларға арналған Нүсіпбаев атындағы интернат. Ол Алматы қаласындағы Богенбай батыр көшесі, 53 мекенжайында орналасқан.
Бұл мекеме ұзақ уақыт бойы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға баспана болған. Мұнда кейін танымал әртіс, музыкант, мәдениет қайраткерлері болған дарынды балалар оқып, тәрбиеленген. Алайда бүгінде интернаттың жағдайы – жан түршігерлік.
Онда бір кезде күрделі жөндеуге келісім жасалды. Балаларды уақытша спортзалға көшірді. Олар тұрған жатақхана қиратылды. Бірақ жөндеу мүлдем басталмады. Қазір – бос кеңістік, қиранды. Ал балаларға "мұнда тұруға болмайды, ғимарат жарамсыз" дейді. Олар, сірә, енді алыстағы бір жерге көшірілетін шығар. Мұның бәрі Бағанашылдағы жағдайды еске салады. Ғимаратты әдейі қиратып, кейін учаскені сату немесе құрылысқа беру үшін "апатты" деп танытады, – дейді Аружан Саин.
Бұл мысал қоғам белсенділерінің күдігін растайды. Белгілі бір механизм жұмыс істейді және әлдеқашан сыналып қойған. Яғни әлеуметтік нысанға ресурстар берілмейді, оның жағдайы нашарлайды, артынан "жарамсыз" деген техникалық қорытынды жасалып, нәтижесінде көшіру жүреді. Ал жер, әдетте, құрылыс компанияларының иелігіне өтеді. Алматы секілді өзге қалаларда, 1 гектар жер миллиондаған доллар тұратын аймақтарда, бұл процесс тез әрі үндемей жүзеге асады.
Алматы облысының меншігінде осындай мүлік бар, ол балаларға үлкен қалада тұрып, қаланың инфрақұрылымын, жақсы білім, медицина, мәдениетке қолжетімділік алуға мүмкіндік береді. Ал енді мемлекет мұны біле тұра, балалардың өмір сүру сапасын өз қолымен нашарлатып отыр. Не үшін?, – дейді Аружан Саин.
Бұл оқиға жай ғана ескі ғимарат немесе қала мен облыс арасындағы әкімшілік шекара жайлы дау емес. Бұл жағдай классикалық үлгіні еске салады: болашақта миллиардтаған табыс әкелетін құрылысқа байланысты "қауіпсіздік" деген желеу астында "пайда" деген мүдде жатыр.
Асығыс әрекетке түрткі болып отырған әкімдік, техникалық дәлелдер мен Қонаевтағы "жақсырақ жағдай" арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады. Бірақ қоғам белсенділері мен балалар бұл жерде мәселе тек ғимараттың жөнделуінде емес екенін сезеді. Мәселе Алматыдағы жердің тым қымбаттығында, оны жайдан-жай балаларға беріп қою – тиімсіз.
Балалар мен қоғам белсенділері Президенттің осы жағдайға байланысты берген тапсырмасы орындалады деп, ал тергеу бәріне нүкте қояды деп үміттенеді.
Еске салайық, қоғам белсендісі Аружан Саин Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін олардың еркінен тыс Қонаевқа көшіріп жатқан видеоны жариялады. Балалардың бірі есінен танып қалған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіруге тыйым салды.
Сондай-ақ Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы балалардың көшірілуіне қатысты түсініктеме берді. Содан кейін ол жерге Президент әкімшілігінің комиссиясы барды.
Мемлекет басшысы "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге тыйым салғаннан кейін тәрбиеленуші балалар қуанышымен бөлісті.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бұған дейін шулы оқиғаға байланысты әкім отставкаға кету мүмкіндігі туралы айтты.