- Мұқаба
- Жаңалықтар
- БАД пен сыра қымбаттай ма? Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді
БАД пен сыра қымбаттай ма? Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді
БАД пен сыра өнімдері таңбаланады: Бағаның өсуіне негіз бар ма? – Сарапшы пікірі
2 Қыркүйек 2026, 07:30
2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) мен шыны бөтелкедегі сыра өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Бұл реформа нарықты заңсыз айналымнан тазартуды және тұтынушыларды сапасыз өнімнен қорғауды көздейді. Жаңа талап өнім бағасына қалай әсер етеді, бизнесті не күтіп тұр және қарапайым сатып алушы бұл жүйеден не ұтады? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері BAQ.KZ тілшісіне арнайы жауап берді.
БАД нарығы: Кезең-кезеңімен көшу және баға тұрақтылығы
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап елге өндірілген немесе импортталған БАД өнімдерінің әрбір қаптамасында бірегей Data Matrix коды болуы тиіс. Ал тауардың өндірушіден сөреге дейінгі толық электронды қадағалануы 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді.
Жаңа жүйенің БАД бағасына және сату көлеміне әсері туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Садубаева түсініктеме берді.
Таңбалау ББҚ өндірушілері, импорттаушылары мен бөлшек саудагерлерінің қызметін реттеу, контрафактілік өнім санын азайту және айналымның ашықтығын қамтамасыз ету үшін енгізілді. Цифрлық таңбалау арқылы әрбір заңды өнімге жеке код беріліп, оның сауда нүктесіне дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік туады. Бұл заңсыз өнімді айналымға енгізуді қиындатады, – деді Әйгерім Садубаева.
Оның айтуынша, бұл реформа БАД-тың түпкілікті бағасына елеулі әсер етпеуі тиіс.
Таңбалау кодын жапсыру тәсілін әрбір өндіруші немесе импорттаушы өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарай дербес таңдайды. Нарықта 150 мың теңге төңірегіндегі жапсырма принтерлері бар, ал бөлшек саудада кодты оқитын сканерлер жеткілікті. Сонымен қатар, цифрлық таңбалау жүйесіндегі жеке кабинетте жұмыс істеу – толықтай тегін. Осылайша, бұл реформа БАД бағасын қымбаттатпайды, – деп атап өтті сарапшы.
Сонымен бірге, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өндірілген БАД өнімдері нарықтан бірден алынбайды. Олар жарамдылық мерзімі аяқталғанша еркін сатыла береді. Бұл тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Шыны бөтелкедегі сыра: Бақылау артқанымен, сату көлемі шектелмейді
1 қыркүйектен бастап шыны бөтелкедегі сыра өнімдері де цифрлық таңбалау жүйесіне өтеді. Бизнес өкілдерін толғандыратын басты мәселе – бұл реформаның бөлшек саудадағы сыра бағасына әсері.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Аблай Мекебаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан сыраның бөлшек сауда бағасы тікелей реттелмейді.
Қазақстанда сыраның бөлшек сауда бағалары шекті баға ретінде реттелмейді. Нарықтағы жоғары бәсекелестік – бағаның өсуін тежеуші негізгі фактор. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өнім құнының негізсіз және алыпсатарлық жолмен қымбаттатылуына жол бермейді. Мемлекеттік кірістер комитеті болса, алкоголь өнімін өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ салықтық және акциздік әкімшілендіруді жүзеге асырады, – деді МКК өкілі.
Аблай Мекебаев цифрлық таңбалаудың негізгі мақсаты сату көлемін шектеу емес екенін баса айтты:
Таңбалаудың басты мақсаты – заңды өндірушілер мен тұтынушыларды контрафактілік өнімнен қорғау, өндіріс пен айналымның ашықтығын қамтамасыз ету, салықтық және кедендік төлемдердің жиналуын арттыру. Бұл құрал сату көлемін шектемейді. Заңды бизнес нарықтағы сұранысқа сәйкес өз өнімін өндіріп, сатуға толық құқылы. Ал көлеңкелі айналымның қаншалықты азайғаны жүйенің бірінші жылының қорытындысы бойынша бағаланады, – деді ол.
Тұтынушы не ұтады? Тауардың сапасы мен заңдылығын қалай тексеруге болады?
Міндетті таңбалаудың енгізілуінен қарапайым сатып алушылар тікелей ұтады. Енді кез келген азамат дүкенде тұрған БАД немесе сыра бөтелкесінің заңдылығын смартфоны арқылы тез тексере алады.
Ол үшін Naqty Onim тегін мобильді қосымшасын жүктеп алып, өнімдегі Data Matrix кодын сканерлеу қажет.
Қосымшаны сканерлеу арқылы мына мәліметтерді көруге болады:
- Өнімнің толық атауы мен өндіруші туралы ақпарат;
- Таңбалау кодының мәртебесі және жеткізу тізбегіндегі қозғалысы;
- БАД өнімдері үшін Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің (МТК) болуы.
Data Matrix коды тауардың цифрлық жүйеде тіркелгенін және заңды екенін растайды. Алайда ол Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алмастырмайды және БАД-тың емдік тиімділігін немесе қауіпсіздігін өздігінен дәлелдемейді. Өнім қауіпсіздігі зертханалық зерттеулерден өткен МТК арқылы камтамасыз етіледі.
Егер сатып алушы сканерлеу кезінде қандай да бір сәйкессіздікті байқаса, Naqty Onim қосымшасы арқылы бірден шағым жолдай алады. Бұл қосымша E-Otinish платформасымен интеграцияланғандықтан, өтініш бірден тиісті уәкілетті мемлекеттік органға автоматты түрде өңдеуге жіберіледі.
Бизнеске не істеу қажет?
БАД және алкоголь өнімдерімен жұмыс істейтін өндірушілер, импорттаушылар мен сауда өкілдеріне:
- Цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінің tanba.markirovka.kz порталына тіркелу;
- Тауар карточкаларын алдын ала жүйеге енгізіп, модерациядан өткізу қажет.
Қазіргі уақытта Бірыңғай оператор нарық қатысушыларын оқыту іс-шараларын жүргізіп, қажетті нұсқаулықтар базасын әзірлеген.