Жастарға бабалардың асыл қасиеттерін руханият арқылы сіңіреміз – Қалмақов

19 Маусым 2019, 17:40
1919
Бөлісу:
Жастарға бабалардың асыл қасиеттерін руханият арқылы сіңіреміз – Қалмақов
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурацияда сөйлеген сөзінде мән берген он бағыттың бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Осы бағыт жөнінде Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов пікір білдіріп, атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. 

«Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бұрын аса мән бермеген рухани діңгектерімізге көңіл аударылды. Соның ішінде өлке тарихын зерттеп-зерделеуге қатысты жасалып жатқан жұмыстарды айтар едім. Мысалы, киелі орындарымыз туралы ақпараттар бір жүйеге келтірілді. Оны насихаттаудың жаңа түрлері, әдістері қолданылды. Сол арқылы Қазақстанның әр аймағындағы қасиетті жерлерге жас буынның назары ауып, халқымыздың тарихын танып жатыр», - дейді Ерлан Қалмақов. 

Оның айтуынша, рухани құндылықтарға жастардың қызығушылығын арттыру арқылы, олардың бойына, Президент атап өткендай, бабалардың асыл қасиеттерін сіңіреміз. 

«Дәстүрлі әндер мен күйлерімізді насихаттауда бірқатар шаралар қолға алынды. Қостанайда тұңғыш рет домбырашылар байқауы өткізілді. Сонымен қатар, өткен жылы Домбыра күнін атап өту туралы Елбасы жарлығы шықты. Осының бәрі ұлттық болмысымызды қалпына келтіруге үлкен септігін тигізері даусыз», - деген мәдениет басқармасы басшысы халқымыздың өнерін, салт-санасын шетелдерге таныстырудың маңызды тұсын тілге тиек етті. 

«Былтыр Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның «Ақжелең» ансамблі Мысырға барып, фестивальге қатысты. Биыл І.Омаров атындағы қазақ драма театры Өзбекстанға барып келді. Бұл бір жағынан мәдениетімізді таныту болса, екінші жағынан өнерпаздарымызды қолдау. Ұлықтау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндетке сәйкес, бұл жұмыстарымыз жалғаса бермек», - деп түйіндеді ойын Ерлан Қалмақов.

Өзгелердің жаңалығы