БАӘ-нің ОПЕК-ке байланысты шешімі Қазақстан экономикасын шайқалтуы мүмкін – сарапшы

Сарапшы БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуының Қазақстан экономикасына әсері туралы айтты.

 gov.kz Бүгiн 2026, 10:05
Бүгiн 2026, 10:05
105
Фото: gov.kz

Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК құрамынан шығу туралы шешімі Қазақстан экономикасына тікелей әсер етуі ықтимал. Мұнай экспорттың шамамен 50%-ын құрайтын ел үшін бағаның кез келген ауытқуы шешуші фактор саналады.

Ресми түрде БАӘ бұл қадамды стратегиялық басымдықтарды қайта қараумен – газ секторын дамыту және экономиканы әртараптандырумен түсіндіреді. Алайда Qazaq Expert Club сарапшысы, экономист Саида Тлеуленованың айтуынша, мәселе әлдеқайда ауқымды үрдісті білдіреді.

Оның сөзінше, бұл – ОПЕК ішіндегі тәртіптің әлсіреп, ұлттық стратегиялардың күшейіп келе жатқанын көрсететін белгі. Елдер біртіндеп ұжымдық шектеулерден гөрі өз мүдделеріне көбірек сүйене бастады.

Қазақстан ұйымға мүше болмаса да, мұнай саясатын альянспен үйлестіріп келеді. Сондықтан ұйым ішіндегі ықпалдастық әлсіресе, екіжақты және көпжақты келісімдердің рөлі артып, нарық өзгерістеріне жедел бейімделу қажеттілігі күшейеді.

Картель ішіндегі үйлесімнің төмендеуі мұнай бағасының құбылмалылығын арттыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде бюджеттік жоспарлауды қиындатады, - деп пікірімен бөлісті сарапшы.

Бір жағынан, ОПЕК ықпалының азаюы өндірісті икемдірек реттеуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, нарықтағы белгісіздік күшейіп, экспортқа тәуелді экономика үшін тәуекелдер артады.

Қосымша фактор ретінде теңге бағамының қазіргі динамикасы да маңызды.

Күшті теңге екі түрлі әсер береді: инфляцияны тежейді, бірақ экспорттаушылардың теңгемен есептелетін табысын азайтады, - дейді экономист.

Осындай жағдайда мұнай бағасының төмендеуі бюджетке қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Тлеуленованың түсіндіруінше, егер мұнай арзандап, ал теңге бағамы жоғары деңгейде қалса, бюджетке қос соққы тиеді: валюталық түсім азаяды және оны теңгеге айырбастаудан түсетін кіріс төмендейді.

Бұл жағдай Ұлттық қорға түсетін жүктемені арттырып, экономиканың сыртқы күйзелістерге тәуелділігін күшейтеді.

Қысқа мерзімде күшті теңге белгілі бір деңгейде «буфер» қызметін атқарып, ақша-несие саясатын жұмсақ ұстауға мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда сыртқы жағдай нашарласа, валюта бағамының кері бағытта өзгеру ықтималдығы жоғары.

Ұзақ мерзімді кезеңде БАӘ шешімі Қазақстанды экономиканы әртараптандыруды жеделдетуге және мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға итермелеуі мүмкін. Бұл өңдеу өнеркәсібіне, газ секторына және «жасыл» энергетикаға инвестиция тартудың маңызын арттырады.

Еске салайық, БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шыққан болатын. БАӘ-нің шешімі мұнай бағасына әсер етуі мүмкін. 
Оқи отырыңыз:
Наверх