ОПЕК әлсірей ме? БАӘ-нің шешімі мұнай бағасына әсер етуі мүмкін

Сарапшылар бұл шешім мұнай нарығын тұрақсыздандырып, ОПЕК ықпалын әлсіретуі мүмкін деп отыр.

 gov.kz Бүгiн 2026, 09:39
Бүгiн 2026, 09:39
167
Фото: gov.kz

Әлемдік БАҚ-та Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК пен ОПЕК+ ұйымдарынан шығуы қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе бұрыннан, нақтырақ айтқанда, 2019 жылы Қатар осы ұйымнан шыққаннан кейін-ақ көтерілген еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Енді мұның мұнай нарығына ықпалы әлемді алаңдата бастады.

БАӘ – ОПЕК-тегі мұнай өндіру көлемі бойынша үшінші орында тұрған ел. Ұйымның жалпы жеткізілімінің шамамен 12 пайызы осы мемлекетке тиесілі. ОПЕК+ кездесулерінде Сауд Арабиясы мен БАӘ арасында бұрыннан келіспеушіліктер болған: Әмірліктер мұнай өндіру қуатын арттыруға инвестиция салуға ұмтылса, Эр-Рияд керісінше, ұсынысты шектеу үшін топқа қысым көрсетіп келген. Енді БАӘ жеткізілім көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Алайда Pepperstone компаниясының аға зерттеу стратегі Майкл Браун қазіргі жағдайда Әмірліктер жеткізілімді арттыра алмайды деп есептейді. Оның айтуынша, бұған Ормуз бұғазының жабылуы кедергі келтіріп отыр.

БАӘ бұл жағдайдың саяси астары жоқ екенін айтқанымен, Cinneamhain Ventures компаниясының өкілі Адам Кокран мұнда АҚШ-тың ықпалы болуы мүмкін деген пікірде. Оның сөзінше, әлсіреген ОПЕК Вашингтонға тиімді.

АҚШ қысым көрсету құралы ретінде своп желілерін пайдалануы мүмкін еді, осылайша БАӘ-ні картельден шығуға көндірген болуы ықтимал. Өндірістік қуат туралы уәж де толық сәйкес келмейді. Қазірдің өзінде олар өз квотасына да толық жете алмай отыр, – деді ол.

Rystad Energy компаниясының геосаяси талдау бөлімінің басшысы Хорхе Леон Financial Times басылымына берген пікірінде, ұзақ мерзімде бұл жағдай ОПЕК-тің құрылымдық әлсіреуіне әкелетінін айтты.

Мұнай нарығы бұрынғыдан да құбылмалы болуы мүмкін. Себебі ОПЕК-тің ұсыныс тапшылығын реттеу мүмкіндігі төмендейді, – деді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығатыны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыздар: 

Ирандағы жағдай: ОПЕК мұнайға сұраныс болжамын қысқартты

"Инвестиция мен шикізатқа ғана сүйену дұрыс емес": Сарапшы OPEC+ шешімін түсіндірді

ОПЕК+: Мамырда мұнай өндіру тәулігіне 206 мың баррельге артады

Наверх