Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Әлібек Нәутиевтің айтуынша, құжатқа 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында қол қойылған. Оның пікірінше, бұл келісім екіжақты сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге жаңа мүмкіндік береді.
Құжаттың негізгі жаңалығы – тауарлардың 85 пайыздан астам атауына қатысты импорттық кедендік баж салығының күшін жою. Сонымен қатар келісімде тауардың шыққан елін айқындау тәртібі, кеден органдары арасындағы өзара іс-қимыл, ішкі нарықты қорғау тетіктері, саудадағы техникалық кедергілерді реттеу, санитариялық және фитосанитариялық талаптар, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және өзге де сауда рәсімдері қамтылған, – деді сенатор.
Сонымен бірге құжатта кәсіпкерлердің жаңа талаптарға бейімделуіне уақыт беру үшін бірқатар өтпелі кезең қарастырылған. Ал аса сезімтал саналатын кейбір тауар түрлері еркін сауда режимінен тыс қалдырылған.
Бұл шектеулер негізінен:
- ауыл шаруашылығы өнімдеріне (ет, сүт және астық өнімдері);
- металлургия саласына;
- химия өнеркәсібіне қатысты қолданылады.
Сенатордың айтуынша, келісімде қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғауға арналған арнайы тетіктер де бар. Егер импорт көлемі күрт өссе, тараптар уақытша кедендік баж енгізуге немесе квота белгілеуге мүмкіндік алады.
Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен экономиканың түрлі салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, химия өндірісі, ІТ саласы және жаңа технологиялар бағытында әріптестікті дамытуға ниет бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы өзара сауда көлемі 289,7 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға жоғары көрсеткіш, – деді Әлібек Нәутиев.
Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорты 1,7 пайызға өсіп, 132,9 миллион АҚШ долларын құраған.
Ал осы кезеңде Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен импорт көлемі 7,2 пайызға артып, 156,8 миллион АҚШ долларына жеткен.