Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын. Осыған орай тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған пікір білдірген еді.
Бұл – ғалымдар, тарихшылар көптен күткен үндеу болды. Себебі, 1993 жылы "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданып, бірқатар тұлғаларымыз ақталды. Бірақ, шетел асқан қандастар, соғыста тұтқынға түсіп қайтқандар, кеңес үкіметімен күрескен Махмет Құлмағамбетов сияқты азаматтар, ең сұмдығы, байқамай айтып қалған сөзі үшін себепсіз сотталып кеткендер бар. Қазақ "өлі риза болмай, тірі байымас" деп жақсы айтқан. Бұлар қашан ақталар екен, бұлардың да ұрпағы бар ғой деп ойлап жүретін едік. Бір айта кететін жайт, бұл кісілердің ұрпағы бүгінгі күні құқық қорғау органдарына жұмысқа тұрар кезде қағаз толтырады. Сол кезде ата-бабалары қай жерден деген сұраққа, Ресейде немесе Қытайда туған десе, мұның өзі күдік тудырады. Бұл да адамның құқығын бұзу болып саналады. Сондықтан, Мемлекет басшысының бұл үндеуі еліміздің зайырлы, өзге елдермен терезесі тең мемлекет екенін дәлелдейтін қажетті қадам болды, - дейді ол.
Үндеудің алдында арнайы хат дайындаған бір топ тарихшылар арасында Бүркітбай Аяған да болған. Ол Президенттің осы қадамды қоштағаны қуантқанын айтады.
Екінші мәселе – Мемлекет басшысы тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл комиссия жұмысына екі топ кіруі керек. Бірі – мемлекеттік қызметкерлер, сот, прокуратураның адамдары болуы керек. Себебі, олар сол саланың мамандары. Сонымен қатар, бұл комиссияның жұмысына қоғам таныған азаматтар, жетекші ғалымдар атсалысуы қажет. Ғалымдардың арасында да тарихшылар мен архивистер қатар жүруі керек, - дейді ол.