БҚО-да 21 ауылға газ жеткізіледі

28 Шілде 2020, 23:33
1547
Бөлісу:
БҚО-да 21 ауылға газ жеткізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысы бойынша Теректі ауданының 10 ауылына және Ақжайық ауданының 11 ауылына газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Теректі ауданында жалпы 3,6 мыңға жуық тұрғын бар болса, Ақжайық ауданындағы 11 елді мекенде 2,6 мыңға жуық халық тұрады. Елді мекендерді газдандыру жұмысына бюджеттен 2020 жылға барлығы 910 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Ақжайық ауданының Сарман, Битілеу, Ақбұлақ, Есім, Тегісжол, Жаңажол, Қарағай, Тоған, Жамбыл, Үштөбе және Бiтік ауылдарында ауылішілік газ құбырын орналастыру жұмысын жүзеге асырып жатқан – "Айтемир Құрылыс" ЖШС. 2 жобаның жалпы келісім-шарт бойынша құны 406 млн теңгені құрайды. Ақжайық ауданының 11 ауылында барлығы 28 шақырым ауылішілік газ құбырын салу және 31 әлеуметтік нысанды табиғи газға ауыстыру жоспарлануда.

Теректі ауданында Донецк, Богдановка, Придорожное, Приречное, Алғабас, Сарсеново, Шөптікөл, Долинное, Төңкеріс, Қоныссай ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда.
Донецк, Богдановка, Придорожное, Приречное, Алгабас, Сарсеново, Шөптікөл ауылдарына газ құбырын салу жұмыстарын "Алия-Сервис" ЖШС жүргізуде. Келісімшарттың жалпы сомасы 640 млн теңгені құрайды. Жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы ұзындығы 80,5 шақырым газ құбыры салынады.

Долинное, Төңкеріс, Қоныссай ауылдарына дейінгі газ құбырын салу жұмыстарын "БатысГазСтрой" ЖШС жүзеге асыруда. Келісімшарттың жалпы сомасы 303 млн теңгені құрайды. Жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы ұзындығы 55,3 шақырым газ құбыры салынады.

Жыл соңына дейін жүзеге асырылып жатырған жобалар аяқталған жағдайда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының табиғи газбен қамтамасыз етілу көрсеткіші 96,7% құрайтын болады, - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы