Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр – Пірматов

12 Мамыр 2022, 10:52
1265
Бөлісу:
Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр – Пірматов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемде инфляциялық қысым геосаяси шиеленістің салдарынан күшейіп отыр, ол және тауар жеткізіліміндегі проблемаларды ушықтыра түсті.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті. 
 
Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Шикізат пен материалдар құны тұрақты түрде өскендіктен, дайын өнім де жаппай қымбатшылыққа ұласты. Мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігі де өсті. Бұл  дамыған елдерде тежелгенімен, инфляциялық күтулерді көрсетіп берді, - деді  Пірматов.

Ұлттық банк төрағасы осы жағдайда мамыр басында АҚШ Федералды Резерв Жүйесі негізгі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтеріп, 1 маусымнан бастап өз балансын қысқарта бастайтынын хабарлады.

Еуропалық орталық банк шілде айында мөлшерлемелерді көтеруі мүмкін. Нарықтың күтулеріне сәйкес, Еуропалық Орталық банк депозит мөлшерлемесін 2022 жылдың соңына қарай -0,5%-дан оң мәнге дейін, ал 2023 жылы 1%-дан жоғары көтереді. Англияның орталық банкі мамырда мөлшерлемені 25 базистік тармаққа 1%-ға дейін көтерді, - дейді ол.

Айтуынша, инфляциялық күтулердің ұзақ уақыт бойы мақсаттан тыс қалу қаупі орталық банктерді монетарлық саясатты агрессивті түрде күшейтуге итермелейді.

Геосаяси тәуекелдердің орын алуы және АҚШ Федералды Резерв Жүйесінің монетарлық саясатты күшейтуі жыл басынан бері АҚШ доллары индексінің 7,6%-ға өсуіне себеп болды, - деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов. 

Өзгелердің жаңалығы