Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру керек. Смайылов әкімдерге тапсырма берді

15 Наурыз 2022, 09:42
1401
Бөлісу:
Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру керек. Смайылов әкімдерге тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов берді.

Смайылов атап өткендей, қазіргідей күрделі кезеңде  экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету –  аса маңызды міндет.

Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру  және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  Үкімет  2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасын іске асырып жатыр, - деп айтты ол.

Сондай-ақ Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді.

Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен  әкімдерге  осы құжаттардағы іс-шаралардың  сапалы және тиімді орындалуын  қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Сонымен қатар әкімдер  әлеуметтік маңызы бар  азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Ол үшін қажетті механизмдердің барлығы бар, - деп тапсырма берді Әлихан Смайылов Үкіметте.

Сондай-ақ  нарықтағы  құбылмалы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі  мүдделі мемлекеттік органдар  және әкімдіктермен бірге  инфляцияны тежеп,  бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеуі қажет.

Қазіргі жағдайда  іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін  индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға  ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың,  сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. Индустрия,  ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктері мен әкімдіктер  бұл жұмысты  айрықша бақылауда ұстауы қажет, - деп айтты Үкімет басшысы.

Премьер-министр бизнес өкілдерінің қатысуымен  Үкімет жанынан Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі  жедел Штаб жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

Біз  барлық проблемалық мәселе бойынша  бизнеспен бірлесіп  шешім қабылдап отырмыз. Осыған орай, «Атамекен» Ұлттық палатасы  мемлекеттік органдармен бірге Штаб отырысында шешім қабылдау үшін  бизнестің мәселелерін шұғыл түрде  енгізіп отыруы тиіс, - деп айтты ол.

Смайылов бақылау мен үйлестіру жетекшілік ететін салалары бойынша Премьер-Министрдің орынбасарларына жүктелетінін айтты.  

Өзгелердің жаңалығы