Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ынтымақтастықтың маңызды бағыты

8 Мамыр 2024, 23:41
944
Бөлісу:
Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ынтымақтастықтың маңызды бағыты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты деп санайды, деп хабарлайды Ақорда.

Еуразия құрлығы әлемдегі өндірістік-ресурстық және экспорттық әлеуеті өте мықты аймақтардың бірі екені баршаға мәлім. Әлемде халық саны өсіп, басқа макроөңірлерде ресурстар шектеулі болған жағдайда 600 миллионға жуық адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бұл ретте Одақтың жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі тек күшейе түседі. Біздің стратегиялық мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыру. Ол үшін жасанды интеллект, роботты техника, биотехнология және аграрлық ғылым салаларына негізделген серпінді инновациялық технологияларды енгізу жөнінде келісілген шаралар қабылдау өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде табысты цифрлық трансформация тек жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл өңірдің экономикалық дамуы мен технологиялық дербестігін айқындайтын факторға айналып отыр.

Бізге жаһандық деңгейдегі «цифрлық бәйгеде» лайықты орын алып, алдыңғы қатарда болу маңызды. Цифрландыру саласындағы ынтымақтастық интеграциялық бірлестікті орнықты дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс. Сондықтан Қазақстан жаппай цифрландыру жағдайында Одақтың «төрт еркіндік» қағидатын дамыту жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның бастамасын қолдайды. Осы ретте біз жасанды интеллектіге баса мән бере отырып, аймақта барынша жылдам дамып келе жатқан цифрлық экономикалардың бірін құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ЕАЭО құрылғаннан бері 10 жыл ішінде Одаққа мүше мемлекеттер барлық бағыт бойынша таңқаларлық нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның әлеуеті зор екенін ескере отырып, әлі де көп жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан тең құқықтық және өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген экономикалық интеграцияны қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндікті пайдалана отырып, жиынға қатысушыларды келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы