Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бесінші Бас ассамблеясы Каирде өтеді

26 Наурыз 2022, 01:26
2045
Бөлісу:
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бесінші Бас ассамблеясы Каирде өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Ауыл шаруашылығы және мелиорация министрі ас-Сеид Мұхаммед Марзук әл-Кусейрмен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы қазақ-мысыр өзара іс-әрекеттерін жандандыру мақсатында басым бағыттарды талқылады.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Елші МАР Үкіметінің мүшесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидалары және еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы туралы хабардар етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз жолдауында АӨК-ті жан-жақты мемлекеттік қолдаудың, оның ішінде фермерлерді сапалы егіс науқаны үшін жанар-жағармай, тұқым мен тыңайтқыш сияқты қолайлы бағамен барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Мысырмен агросектордағы практикалық өзара іс-қимылдың әртүрлі аспектілері қарастырылды. Қазақстанның әлеуеті ауыл шаруашылығы, экологиялық таза өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2006-2010 жылдары Қазақстан Мысырға жыл сайын 1 млн тоннаға дейін астық экспорттады. 

Сонымен қатар бүкіл әлемде азық-түліктің қымбаттауы астық өнімдерінің көлемі мен қолайлы бағаларын алдын ала айқындау үшін екі елдің құзырлы министрліктері арасындағы іс-қимылдарды үйлестіру қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ астық тасымалдаудың тиімді жолдарын да жіті қарастыру қажет етеді. Украинада болып жатқан әскери қақтығыстар салдарынан көптеген елдерде азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкелуде. Осы ретте елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту ерекше маңыздылыққа ие болды.

МАР Қоғамдық жұмылдыру және статистика орталық агенттігінің деректері бойынша Мысыр әлемдегі ең ірі бидай импорттаушы болып табылады және 2021 жылы импорт көлемі 3,2 млрд АҚШ доллары сомасына 12,9 млн тоннаны құрады. Мысыр Үкіметі 2022 жылы жергілікті өндірісті ұлғайту есебінен ішкі өндіріс көлемін 5,3 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда.

Кездесу қорытындысы бойынша 2022 жылғы қыркүйекте Каирде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас ассамблеясының бесінші сессиясын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бүгінгі таңда Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше 56 елдің 36-сы АҚИҰ-ке мүше болып табылады. Бас ассамблеяның жұмысы барысында Ұйымды институционализациялаумен байланысты рәсімдер жалғасатын болады. 

Өзгелердің жаңалығы