Азық-түлік инфляциясы 25 пайыз. Вице-премьер алдын алу жолдарын атады

23 Қаңтар 2023, 12:21
1183
Бөлісу:
Азық-түлік инфляциясы 25 пайыз. Вице-премьер алдын алу жолдарын атады

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өткен жылы еліміздегі азық-түлік инфляциясының деңгейі 25 пайыздан асқанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер көрсетті. Осыған қарамастан, Қазақстандағы азық-түлік инфляциясының деңгейі өткен жылы 25 пайыздан асты. Бұл әлемдік азық-түлік нарықтарындағы жалпы геосаяси жағдайға, сондай-ақ энергия көздерінің, минералды тыңайтқыштар, логистикалық қызметтер бағасының өсуіне байланысты орын алғаны түсінікті. Сонымен қатар, Министрлікке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту керек. Ол үшін келесі міндеттерді шешу қажет, - деді ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Жұманғариннің айтуынша, импортты алмастыру жұмыстары жалғасады.

Министрліктің бұл мәселе бойынша нақты ұстанымы бар. Үкімет импорт алмастыру бойынша министрлік әзірлеген тәсілдерді мақұлдады. Біздің міндетіміз – Солтүстік Қазақстан облысының ірі инвестициялық жобаларды ӘКК арқылы қаржыландыру тәжірибесін мүмкіндігінше басқа өңірлерге де тарату арқылы осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек, - деді вице-премьер.

Сөзінше, ведомства алған қойған мақсаттарына жетуі үшін елдің өңдеуші кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуі керек.

Бұл үшін егіс алқаптарын әртараптандыру, суармалы жер көлемін ұлғайту, оның ішінде жоғары рентабельді дақылдарға көшу және асыл тұқымды мал басын көбейту бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет, - деді Жұманғарин. 

Өзгелердің жаңалығы