Азық-түлік бағасы статистика бойынша 20, ал шын мәнінде 50 %-ға қымбаттады – сенатор

22 Қыркүйек 2022, 12:23
1311
Бөлісу:
Азық-түлік бағасы статистика бойынша 20, ал шын мәнінде 50 %-ға қымбаттады – сенатор

Ресми статистика бойынша азық-түлік бағасы 20%-ға өскенімен тауарлар іс жүзінде 50%-ға қымбаттады. Сенатор Андрей Лукин Премьер-министрдің атына депутаттық сауалында осындай пікір айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бұл олқылық Сауда және интеграция министрлігі, Монополияға қарсы комитет және әкімдіктер тиісті заңнамалық реттеу мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саудасына әдіснамалық әсер етуді қамтамасыз етпейтіндігіне байланысты туындап отыр деп санайды.

Сауда қызметін реттеу туралы» заңдағы 9-баптың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақылардың 15%-дан асып кетуіне жол бермеу туралы талаптары декларативті сипатта болады, оны іс жүзінде ешкім сақтамайды. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және ұрлау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемін тиісінше сақтамау, бөлу және жоспарлау фактілері, сондай-ақ әкімдіктер жұмысындағы кемшіліктер тұрақты заң бұзушылығына айналды, - деді депутат.

Андрей Лукин бірде-бір уәкілетті орган осы саладағы заңнаманы ретке келтіру мәселесін қолға алмайтынын атап өтті. Сенатор осыған байланысты азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жағдайды жақсарту тетіктерін ұсынды.

Көлік шығыстарын субсидиялай отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларына бірыңғай жеткізу үшін ірі отандық тауар өндірушілеріне ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар қалыптастыру қажет. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының төмендетілмейтін қорын мемлекеттік материалдық резервке ұқсас белгілеу керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішкі нарығын кез келген жағымсыз құбылыстардан қорғау тетіктерін әзірлеуді қолға алу керек, - деді Андрей Лукин.

Сенатор сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату процесін нарыққа кірген сәттен бастап соңғы тұтынушыға дейін, оның ішінде тұрақтандыру қорларындағы сауда алаңдары мен өнімдер көлемінің қолжетімділігін бақылау тетіктерін цифрландыруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы