Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, биыл азық-түлік секторында инфляция деңгейі артқан.
Биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%, оның ішінде азық-түлік 1,4%, азық-түлік емес 0,9%, ақылы қызметтер 0,7%. Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында 2,2%-дан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,8%-дан, Ақтөбе облысында – 1,7%, Ұлытау облысында – 1,5%-ды құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері қанша пайызды құрағанына тоқталды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7% болды. Апталық динамика +0,3, +0,4% болып қалыптасуда. Жыл басынан бері ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 3,4%, Ұлытау облысында – 2,8% және Астана қаласында - 2,5% байқалды. Тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері ең жоғары өсім пиязға 22,5%, күріш 5,2%, қырыққабат 4,1%, сүт және сәбіз 3,1%, картоп 3,0%, макарон 2,6%-ды құрды, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетерлігі, бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде негізгі мәселе ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдері талқыланып жатыр.