Азық-түлік бағасы өсіп, елдегі өмір қымбаттады – сенатор

6 Қараша 2021, 14:23
1878
Бөлісу:
Азық-түлік бағасы өсіп, елдегі өмір қымбаттады – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Ақылбек Күрішбаев Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк басшыларына «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет» ҚР заңының жобасын қарау кезінде сауал жолдады.

Қазір қоғамда азаматтардың Үкімет жұмысына наразылығы артып келеді. Азық-түлік бағасы айтарлықтай өсіп кетті, жалпы алғанда, елдегі өмір қымбаттады. Өкінішке қарай, дағдарыстан кейін ел экономикасы біз қалағандай тез қалпына келе қоймайды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамдары бойынша, әлемдік экономиканың өсуі биыл 5,9%-ды құрайды, ал Қазақстанда-3,3%, яғни 1,8 есе төмен. Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ)  өсімі бойынша біз дамыған елдерді айтпағанда, посткеңестік кеңістіктегі көршілерімізден де артта қалып отырмыз. Мысалы, ХВҚ сарапшылары ағымдағы жылы Ресей экономикасы 4,7%-ға, Өзбекстан - 6,1%-ға, Тәжікстан - 5%-ға, Армения-6,5%-ға, Түркіменстан-4,6%-ға өседі деп күтуде. Жақын көршілеріміздегі жағдай тек Қырғызстанда ғана нашар, онда ЖІӨ өсімі тек 2,1%-ды құрайды. Қазақстандағы инфляция деңгейі 2020 жылы 7,5%-ға жетті, ал ағымдағы жылдың қыркүйегінде 8,9%-ға өсті, яғни осы көрсеткіш бойынша біз, керісінше, көптеген көршілерімізден озық шығып отырмыз. Бұрын мәлімделген инфляция  - 4-6% орындалмаған. Сұрақ: Неліктен біз экономика өсімінде артта қалып отырмыз? Егер бюджет қаражаты жеткіліксіз болса және де мемлекет экономиканы қолдау бойынша өз міндеттемелерін орындамаған болса, түсінікті болар еді. Бірақ биылғы бюджеттің барлық шығыстары, оның ішінде Ұлттық қордан рекордтық сома - 4,3 трлн теңге бөлу арқылы орындалды. Егер мұнай бағасы күрт төмендеп кетсе, түсінікті болар еді. Бірақ шикі мұнайдың орташа бағасы егер өткен жылы 43,6 АҚШ долларын құраса, биыл жыл бойы орташа көрсеткіш 65,3 долларға немесе 1,5 есеге дейін өсті емес пе?! - деді сенатор. 

Алайда, өкінішке қарай, сенаторлар өз сұрақтарына  мардымды жауап ала алмады...  Сонда бізде не болып жатыр?..

Өзгелердің жаңалығы