2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қытай экономикасы 5,4 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі шамамен 4,35 триллион АҚШ долларға жетті. Бұл көрсеткіш бұған дейін Рейтерс сауалнамасына қатысқан сарапшылар болжаған 5,1%-дан асып түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл нәтиже жаһандық экономикалық баяулау жағдайында ерекше көзге түсіп отыр. 2025 жылдың сәуірінде Халықаралық валюта қоры әлемдік өсім болжамын 2,8%-ға дейін қысқартты. Сарапшылардың пікірінше, сауда шиеленістері мен саясаттағы белгісіздік бұл көрсеткіштің төмендеуіне әсер етіп отыр.
Қытайда өнеркәсіп өндірісі мен тұтынушылық сұраныс қатар өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың алғашқы үш айында өнеркәсіптік өндіріс 6,5%-ға, бөлшек сауда айналымы 4,6%-ға артқан. Жоғары технологиялар мен жабдық өндірісінде де айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Инвестициялар негізінен инфрақұрылым мен технология салаларына бағытталған, дегенмен жылжымайтын мүлік секторында 9,9%-дық төмендеу тіркелді.
Сыртқы сауда да тұрақтылық танытты: экспорт көлемі 6,9%-ға артса, импорт 6%-ға төмендеді. Бұл шетелдік сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді.
Бірақ Қытай экономикасы бірқатар ішкі және сыртқы қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық валюта қоры елдің 2025 жылға арналған өсім болжамын 4%-ға дейін қысқартты. Ішкі сұраныстың жеткіліксіздігі, қарыз жүктемесі мен жылжымайтын мүлік нарығындағы қиындықтар Қытай үкіметінің экономикалық саясатын қайта қарауға мәжбүр етуде.
Қаржы саясаты аясында үкімет бюджет тапшылығын арттырып, арнайы қазынашылық облигациялар шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жасыл экономика, цифрлық реформалар мен жеке инвестицияларды ынталандыру басты басымдық ретінде қарастырылып отыр.
Еске сала кетейік, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы 2025 жылы жаңа кезеңге өтті. Америка Құрама Штаттары қытайлық тауарларға жоғары тарифтер енгізіп, кейбір салаларға 145%-ға дейін баж салығын көтерді. Бұған жауап ретінде Қытай да 125% тариф енгізген болатын.