Азияда алғаш рет "Евровидение" өтеді: 10 ел қатысуға дайын

Азиядағы алғашқы «Евровидение» 2026 жылы Бангкокта өтеді. Қатысушылар тізімі белгілі болды, Ресей әзірге жоқ.

 EBU Бүгiн 2026, 15:01
Бүгiн 2026, 15:01
87
Фото: EBU

«Евровидение Азия» ән байқауы 2026 жылдың қараша айында Бангкокта өтеді. Байқауға қатысуға қазірдің өзінде 10 ел өтінім берген. Әр елдің атынан қатысатын орындаушылар алдағы айларда ұлттық іріктеу нәтижесінде анықталады.

DW басылымының мәліметінше, жаңа форматтағы «Евровидение Азия» байқауы 2026 жылдың қараша айында Бангкокта өтеді. Бұл туралы сейсенбі, 31 наурыз күні байқауды ұйымдастырушы Еуропалық хабар тарату одағы (European Broadcasting Union, EBU) хабарлады. Ресми баспасөз хабарламасына сәйкес, жаңа форматтағы байқауға қатысуға Оңтүстік Корея, Таиланд, Филиппин, Вьетнам, Малайзия, Камбоджа, Лаос, Бангладеш, Непал және Бутан елдері өтінім берген. Еуропалық байқаудағыдай, әр елдің өкілі алдағы айларда ұлттық іріктеу қорытындысы бойынша анықталады.

Евровидение Азия» байқауының гранд-финалы 14 қараша күні Таиланд астанасында өтеді. «Байқаудың 70 жылдығын атап өте отырып, Азиямен бірге жаңа кезеңді бастау – ерекше символдық мәнге ие. Бұл – мәдениеті, шығармашылығы мен таланты бай өңірдің үнін, болмысын және ұмтылысын көрсететін жобаны іске қосу, сонымен қатар “Евровидение” құндылықтарын сақтай отырып, оны Азиямен бірге дамыту, – деді EBU директоры Мартин Грин.

Ресей неге тізімде жоқ?

Азиядағы аумағы ең үлкен ел саналатын Ресей қатысушылар тізімінде жоқ. 2022 жылы ұйымдастырушылар елді Украинаға қарсы әскери басып кіруіне байланысты «Евровидениеге» қатысудан шеттеткен болатын.

Сонымен қатар Change.org платформасында Ресейдің жаңа байқауға қатысуын қолдайтын онлайн-петиция пайда болды. Оның авторлары жарияланған қатысушы елдер Ресей Федерациясының «достыққа жатпайтын елдер» тізіміне кірмейтінін атап өтіп, бұл Ресейдің байқауға қатысу мүмкіндігін арттыратынын айтады. Әсіресе, 2026 жылғы Паралимпиада ойындары сияқты халықаралық спорттық жарыстарға Ресейдің қайта оралуы осы мүмкіндікті күшейтеді деген пікір бар. Петиция мәтінінде ресейлік хабар таратушылар мен мәдениет және сыртқы істер министрліктерін байқауға қатысу үшін қажетті қадамдар жасауға шақырған. Мақала жазылған сәтте петицияға 8 адам қол қойған.

«Евровидение-2026» Австрияда өтеді

Мерейтойлық, 70-ші «Евровидение-2026» ән байқауы 2026 жылдың мамыр айында Вена қаласында өтеді. Оған 35 елдің өкілдері қатысады. Олардың бесеуі – Австрия, Франция, Германия, Италия және Ұлыбритания – автоматты түрде гранд-финалға жолдама алған. Финал 16 мамырда өтеді. Қалған елдер шешуші кезеңге жолдама алу үшін 12 және 14 мамыр күндері өтетін екі жартылай финалда бақ сынайды.

Наверх