Азия пара ойындары: Жарыста спорттың 22 түрінен 564 медаль сарапқа салынады

18 Қазан 2023, 18:43
815
Бөлісу:
Азия пара ойындары: Жарыста спорттың 22 түрінен 564 медаль сарапқа салынады
Фото: Туризм және спорт министрлігі

22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында IV Азия пара ойындары өтеді. 4 жылда бір рет өткізілетін жарыста спорттың 22 түрінен 564 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, байрақты бәсекеге еліміздің атынан 131 спортшы қатысады, олар 14 спорт түрінен 485 медаль жиынтығы үшін таласады.

Қазақстаннан келген спортшылар пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара нысана көздеу, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, пара ескек есу, пара садақ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және шахмат сияқты жарыстарға қатысады.

Айта кетейік, атлеттеріміз спорттың пара таеквондо, пара велоспорт, пара каноэ, пара ескек есу және бочча түрінен Азия пара ойындарында алғаш рет өнер көрсетеді.

Ойындардың ашылуы мен жабылуы салтанатында еліміздің туын ұстаушылар волейболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері параспортшымыз Жанғали Сүйеуов және пара үстел теннисінен халықаралық жарыстардың чемпионы Алтынай Ержанқызы.

Біз үшін спортшыларымыздың сапалы дайындығы мен жоғары нәтижелерге қол жеткізуі өте маңызды. Бүгінгі күнге дейін Азия Пара ойындарына дайындық аясында ұлттық құрамалар спорттың 14 түрінен 40-тан астам оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшылар оқу-жаттығу жиындары кезінде қалпына келтіру шараларынан толықтай өтіп, қажетті медициналық препараттармен қамтамасыз етілді, - деп атап өтті туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Естеріңізге сала кетейік, спортшылар мен жаттықтырушыларды бір жолғы қаржылай қолдау Азия ойындарының жүлдегерлерімен бірдей мөлшерде болады.

Осылайша, Азия Пара ойындарының чемпионы атанған спортшы 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алады.

Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушы - 5000 АҚШ доллары. Құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдегері 5000 АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысы 3000 АҚШ долларын алады.

Сондай-ақ қола медаль жеңіп алған ұлттық құраманың спортшысы үшін 3000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру және оның жаттықтырушысы үшін 2000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйлық қарастырылған.

Азия пара ойындарының ашылу салтанаты 22 қазанда Ханчжоу олимпиадалық спорт орталығының стадионында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы