Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мамырдың 21-і мен 1 маусым аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Қазіргі кезде ұлттық құрама мүшелері елордада қызу дайындық жүргізіп жатыр.
Жақында «Тарлан-Арена» спорт кешеніндегі бокстан ерлер құрамасының оқу-жаттығу жиындарына қатысып қайтқан болатынбыз.
Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев Олимпиада алдындағы жарыста жоғары нәтиже көрсетуге тырысатындарын айтты.
Құрлық біріншілігіне тыңғылықты дайындық жүргізіп жатырмыз. Жігіттердің барлығы да үздіктер қатарынан табылуға дайын. Дубайға Олимпиадаға жолдама алған 8 боксшы және олимпиадалық емес екі салмақтағы боксшыларымыз барады. Жалпы 10 боксшы бақ сынайды. Өйткені Азия чемпионаты Токио қарсаңындағы ең маңызды дайындық кезеңдерінің бірі саналады. Олимпиадада бақ сынайтын жігіттерді тағы да бір сынап алмақпыз. Сондай-ақ Азия чемпионаты он салмақ дәрежесінде өтетіндіктен, 57 келідегі Серік Теміржановты 60 келіге ауыстырдық. 52 келідегі Сабырхан Махмуд 56 келіде жұдырықтасады. 49 келіде еліміздің ең жас чемпиондарының бірі болған Даниял Сәбитті сынға қостық, - дейді Ғалымбек Кенжебаев.
Азия чемпионатына қатысатын Қазақстанның ерлер құрамасы:
49 келі: Даниял Сәбит;
52 келі: Сәкен Бибосынов;
56 келі: Сабырхан Махмуд;
60 келі: Серік Теміржанов;
64 келі: Закир Сафиуллин;
69 келі: Абылайхан Жүсіпов;
75 келі: Әбілхан Аманқұл;
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов;
91 келі: Василий Левит;
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев.
Олжас АДАЙ
Оқи отырыңыз: