1 қазанда Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үш күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Отандастарымыз дзюдо, джиу-джитсу, слаломды есу, теннис және спорттық құзға өрмелеуден жүлдегер атанды.
Бұл күні Қазақстан құрамасы дзюдодан жоғары нәтиже көрсетті. Екі спортшымыз финалға дейін жетті. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ажар Асхат қарсыластарын жеңіп, шешуші белдесуге жолдама алды. Финалда ол Жапония өкілі Рин Маэдамен кездесті. Белдесу мерзімінен бұрын аяқталып, татами иесі жеңіске жетті. Осылайша, Ажар Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ерлер арасында 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Алмат финалға шықты. Шешуші белдесуде ол жапониялық Сотаро Фудзивараға қарсы татамиге шықты. Белдесу иппонмен аяқталып, Жапония спортшысы жеңіске жетті. Ал Әділет Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді. Айта кетейік, отандасымыз жарысқа жарақатына қарамастан қатысқан. Финалдық белдесуде жарақаты одан әрі асқынып, дзюдошымыз күресті жалғастыра алмады.
Дзюдодан тағы бір жүлдені Эсмигүл Куюлова жеңіп алды. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы қола медаль үшін белдесуде жеңіске жетіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады. Ал 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Дана Әбдірова да қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Алайда шешуші белдесуде қарсыласына есе жіберіп, бесінші орынға тұрақтады.
Джиу-джитсудан Қазақстан құрамасы екі медаль еншіледі. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұржан Батырбеков финалға дейін жетіп, жарыстың күміс жүлдесін иеленді.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Жібек Құлымбетова жүлдегерлер қатарына қосылды. Қола медаль үшін белдесуде ол Оңтүстік Корея өкілі Хуивон Чонмен кездесті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Дегенмен қосымша көрсеткіштер бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық спортшыға берді. Осылайша, Жібек Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Слаломды есуден Қазақстан қоржынына қола медальді Екатерина Таранцева салды. Әйелдер арасындағы байдаркамен жекелей жарыстың финалында ол қашықтықты 112,23 секундта жүзіп өтіп, үшінші орынға ие болды. Жапония спортшысы 107,60 секунд нәтижесімен алтын медаль жеңіп алса, Қытай өкілі 111,70 секунд көрсеткішімен күміске қол жеткізді.
Теннистен Юлия Путинцева қола жүлдеге ие болды. Жекелей сында жартылай финалға дейін жеткен қазақстандық спортшы Қытай өкілі Чжан Шуаймен кездесті. Матчта қытайлық теннисші жеңіске жетті. Бұл жарыста үшінші орын үшін бөлек кездесу өткізілмейтіндіктен, Юлия Путинцева Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Спорттық құзға өрмелеуден де Қазақстан құрамасы тағы бір қола медаль жеңіп алды. Дамир Тоқтаров «жылдамдық» сайысында шешуші кезеңге дейін жетіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады. Бір күн бұрын қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде ел рекордын жаңартқан болатын. Ал 1 қазанда жүлдегерлер қатарынан көрініп, бұл жетістігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Грек-рим күресінен Ислам Евлоев жүлдеге ең жақын болған спортшылардың бірі еді. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен балуан ширек финалда жеңіліс тапқанымен, жұбаныш белдесулері арқылы қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Алайда үшінші орын үшін өткен белдесуде Иран өкілі Мехди Балихамзехдеге есе жіберіп, бесінші орынға тұрақтады.
Көркем гимнастикадан Айбота Ертайқызы мен Ақмарал Ерекешева іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Жекелей көпсайыстың қорытындысы бойынша екі спортшымыз да финалға жолдама алды. Ақмарал Ерекешева іріктеуде бірінші орынға ие болса, Айбота Ертайқызы төртінші нәтиже көрсетті.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында 64 медаль бар. Оның тоғызы – алтын, 19-ы – күміс, 36-сы – қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орында тұр