Ажар Ғиният: Пандемия қиындықтары ел медицинасын ширатып, дамудың жаңа арнасына бұрды

Ажар Ғиният: Пандемия қиындықтары ел медицинасын ширатып, дамудың жаңа арнасына бұрды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біраз уақыт басшысыз қалған Денсаулық сақтау министрлігіне жаңа басшы тағайындалғалы да жарты жылдан астам уақыт өтті. 

Бүгінгі таңда елдегі денсаулық сақтау жүйесінің халі нешік? Салада қандай нақты істер атқарылып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа бірнеше сауал жолдаған едік. 

– Биыл «Балалар жылы» болып жарияланғандықтан, балалардың денсаулығына көп көңіл бөлінетіндігін айтқан едіңіз. Нақты қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Тек балалар жылында ғана емес, Денсаулық сақтау министрлігі саламатты ұлт қалыптастырып, өскелең ұрпақтың саулығын сақтау мәселесін ұдайы назарда ұстайды. Оның үстіне ана мен бала денсаулығы халықаралық құжаттарда да, ұлттық құжаттарда да айрықша саяси мәні бар, маңызды көрсеткіш ретінде белгіленген. Әрі оларға қамқорлық әйел саулығының күтімінен, болашақ ананың құрсағына түйіншек болып тіршілік иесі біткеннен басталатынын, сөйтіп дүниеге келген баланың өсіп-жетілу кезеңдерінде медициналық көмек көрсетудің сатылы, сан-салалы тактикасына ұласатынын айта кеткен жөн. Министрлік осы бағыттағы жұмысты әрдайым жетілдіріп келеді.

Айталық, балаларда кездесетін ауруларды ерте анықтап, диагностикалау мақсатында елімізде жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балаларға скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді. Ол бойынша әрбір сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап мектеп жасына жеткенше кешенді бақылауға алынады. Бұл скрининг бағдарламасы әрдайым жетілдіріліп отырады. Мысалы, таяуда тұқым қуалайтын зат алмасудың 49 ауруының популяциясын ерте жастан анықтау үшін жаңа туған нәрестелерге селективті скрининг жасау пилоттық жобасы іске қосылды. 

2021 жылдан бастап есту мүшесінің зақымын қысқа патенттелген есту қабілеті (КСВП) арқылы анағұрлым дәл анықтауға мүмкіндік беретін жаңа әдіс қолданысқа енді. Мұндай аудиологиялық скринингпен балалардың 75,6%-ы қамтылды. Нәтижесінде 1-2,  3-4 дәрежелі саңырау балалар анықталып, 235 балаға кохлеар имплантациясы жасалды. Сол секілді офтольмологиялық тексеріс 500 гр бастап өте аз салмақпен туылған нәрестелерге толықтай жүргізіледі. 

– Балаларда кездесетін күрделі ауруларды емдеу барысы қалай? 

– Биыл балалардың орфандық және басқа да ауыр ауруларын емдеу үшін Дәрілік заттар және медицина бұйымдары тізбесі мен Ұлттық дәрілік формуляр тізбесіне қосымша 17 дәрі-дәрмек енгізілді. Оған бюджеттен арнайы 16,4 млрд теңге бөлінді. 

Жалпы, елімізде неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының жобасы әзірленді. Онда катамнез кабинеттерінде шала туған шақалақтарды бақылауды ұйымдастырудан бастап, медициналық көмектің барлық деңгейінде жаңа туған нәрестеге көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаттары бекітілген. 

Жыл сайын санитариялық-медициналық алғашқы көмек деңгейінде 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеру жүзеге асырылады. Биыл аталған профилактикалық шаралар пакетіне 1-3 және 6 жас аралығындағы балаларға баса назар аудара отырып, аспаптық және зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін, арнайы бейінді мамандарды қосу жоспарланып отыр. Ол үшін кадр даярлау ісін жандандырдық. Биыл ультрадыбыстық зерттеу диагностикасының халықаралық стандарты бойынша 150 маман оқытылды. Сондай-ақ жоғары эксперт санатындағы 50-ден астам ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алу жоспарланған. 

Балаларға онкогематологиялық көмекті дамыту жеке басым бағыт болып саналады. Осы орайда Қазақстан Республикасындағы балаларға онкогематологиялық көмекті жетілдіру жөнінде 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді; 

Елімізде сондай-ақ «Ерте араласу» институтын енгізу жөнінде ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. «Қамқорлық» бастамасы аясында осы жылы балаларға арналған 8 оңалту орталығы және 2 ерте араласу орталығы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 17 ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр. Онда жыл сайын жаңа туған нәрестеден бастап  3 жасқа дейінгі аралықтағы 10 мың балаға дейін ем алады; 

Ана мен балаға амбулаториялық деңгейде оңалту, емдеу мүмкіндіктерін ұсыну маңызды. Сондықтан былтырдан бері «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты іске асырыла бастады. Нәтижесінде тек осы жылдың бірінші тоқсанында 4,2 мыңнан астам бала тұрғылықты жері бойынша емханаларда медициналық оңалтудан өтті. 

Осы орайда айта кететін жайт, мектеп табалдырығын аттаған сәттен, яғни 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың салуатты өмір салтын қалыптастыруына мектеп ортасы үлкен әсер етеді. Сондықтан мектеп мейіргерінің функционалы, 1 мектеп мейіргерінің мөлшерлемесіне оқушылар санының нормативі, мектептердегі медициналық пункттерді материалдық-техникалық жарақтандыру нормативі, профилактикалық жұмыстардың тәртібі т.б. параметрлер бойынша оқушыларға мектеп ішінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты әзірленді.

– Бұл жоба тоқтап қалған сияқты еді ғой...

– Иә, пандемия салдарынына екі жыл бойы бұл жобаны жүзеге асыру сәл бәсеңдеп қалғаны рас. Алайда бұған дейін бұл жобаға 1181 мектеп қосылды. Жоба мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын ұстануға оң ықпал ететін орта қалыптастыруды көздейді. Нақты алға қойған мақсаттары бар. Мәселен, 2025 жылға қарай артық салмағы бар оқушылардың саны 100 мың балаға шаққанда 5%-ға, яғни 90-ға дейін төмендейді деп болжап отырмыз.

– Ел аумағында таяу жылдары қанша аурухана, перзентхана салынады? Оған қанша қаражат бөлінді?

– «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы тапсырма. Кеше ғана 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеге тағы да айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, ана мен баланы қорғау мәселелері тез арада шешуді талап етеді. Осы мақсатта жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін өңірлерде шетелдік инвесторларды тарта отырып, халықаралық стандарттарға сай ірі көпбейінді ауруханалар салуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін мемлекет пен жекеменшік әріптестігі механизмі арқылы салынатын 8 көпбейінді аурухана құрамында перинаталдық орталықтар да болады.

– Ауруханалар нақты қай өңірлерге салынатынын айта аласыз ба?

– Әзірге халық тығыз қоныстанған Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында 5 университеттік аурухана, ал Көкшетау, Түркістан, Петропавл қалаларында 3 көпбейінді аурухана салу жоспарланған.

– Бұл енді қолға алына ма, әлде жобалау жұмыстары басталып кетті ме?

– Қазіргі кезде бірқатар объектінің құжаттарын дайындауға кірісті. Ал елордадағы 250 төсектік және Түркістан облысы Сарыағаш қаласында 240 төсекті перинаталдық орталық құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. 

Сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе балалар ауруханалары мен перзентханаларға күрделі жөндеу жүргізуге, материалдық-техникалық жарақтандырылуына, кадрлармен толықтырылуына айрықша мән беріледі. 

– Бұл құрылыстарды қаржыландыру қалай шешіледі? Құны қанша? 

– Денсаулық сақтау нысандарын салудың нақты құны жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін белгілі болады.

– Коронавирус пандемиясы кезінде жүкті әйелдер мен аналар өлімі күрт өскені белгілі. Індет басталмай тұрып-ақ Павлодар мен Атырау өңірінде жас аналардың көп қайтыс болғанын өзіңіз де айтқан едіңіз. Аталған аймақтардағы осы олқылықты жою үшін қандай нақты жұмыстар істелді? Қазіргі көрсеткіш қандай? 

– Пандемия жағдайында 2021 жылы республикада ана өлімінің көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға өскені рас. Алайда министрлік қол қусырып қарап отырмай, жүкті әйелдердің аурушаңдығы мен өлім-жітімін азайту жөніндегі шараларды іске асыруға жан-жақты кірісті. 

Шыны керек, соңғы үш жылда пандемия салдарынан әрі жүкті әйелдердің коронавирустық инфекциямен сырқаттануының өсуіне байланысты босандыру қызметіне кәдімгідей салмақ түсті. Сондай-ақ перзентханалардың бір бөлігі инфекциялық стационарларға қайта бейінделді. 

Бұған қоса 2021 жылы елімізде тәуелсіздік жылдары алғаш рет туу көрсеткіші жоғары болды, бұл қосымша ресурсты талап етті. Соңғы 5 жылда елімізде бала туу көрсеткіші 7,2%-дан 15%-ға артты. Осындай әртүрлі факторлардың әсірінен әлемнің көптеген еліндегі сияқты, біздің елде де ана өлімі бойынша қолайсыз жағдай байқалды. 

– Ана өлімін азайтуға қатысты, жалпы оның азаймауының себептерін анықтау бойынша қандай шаралар қолданып отырсыздар?

– Ана өлімінің себептеріне үңіле отырып айтарымыз – 82%-ға жуығы экстрагениталдық аурулар салдарынан көз жұмған. Олардың негізгі үлесі пневмония және коронавирус инфекциясына тиесілі. Ана өлімінің өсуі, әсіресе, 2021 жылдың жаз және күз айларында байқалды. Өлім-жітімнің шамадан тыс көбеюіне «дельта» коронавирус штамының жоғары патогендігі, аурудың ауыр әрі жылдам ағымы, жүкті әйелдер организмінің физиологиялық ерекшеліктері, аналардың коморбидтік жағдайы секілді бірнеше фактор әсер әтті. Ал 14%-ы жүрек-қантамыр, жүйке жүйесі, эндокриндік жүйе, асқазан-ішек жолдарының аурулары және онкологиялық аурулардан қайтыс болған. 

Биылғы жағдай біршама тұрақталды. Қазір ана өлімі көрсеткіші 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге төмендеген. Алайда босаңсуға болмайды. Министрлік бұл көрсеткішті мейлінше минимум деңгейге жеткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдайды. Айталық, нормативтік-құқықтық база жетілдірілуде. Ол үшін еліміздің жетекші мамандарынан, медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамынан Қазақстан Республикасында босандыру қызметінің өзекті мәселелері бойынша сараптамалық кеңес құрылды. Әрбір өңірге консультативтік-практикалық көмек көрсету үшін республикалық клиникалар немесе медициналық ЖОО қызметкерлерінен куратор бекітілді. 

– Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін барынша шешуге тырысып отырғандарыңызды байқаймыз. Десе де айлық мәселесінде қандай түйткілді жағдайлар бар?

– Иә, қазіргі уақытта босандыру ұйымдарының тәжірибелі мамандарының жалақысын көтеру, ынталандыру, сондай-ақ босану құнын (физиологиялық босануға арналған тариф) арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Барлық деңгейдегі медицина қызметкерлерін жұмыс орнында, симуляциялық орталықтарда үздіксіз кәсіптік оқыту, жас мамандарға тәжірибелі медицина қызметкерлеріне тәлімгер ретінде бекіту қолға алынды. 

Бұған қоса ДДҰ өкілдігінің техникалық қолдауымен медициналық қызметкерлерді антенаталды күтім және тиімді перинаталдық технологиялар бойынша оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін шетелдік жетекші клиникаларға 40-тан астам акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог дәрігерлерді біліктілігін арттыруға және инновациялық практикалық дағдыларды игеруге жіберу жоспарланып отыр. 

Айта кетерлік жайт, министрлік еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарын түгендеп, материалды-техникалық базасын мұқият сараптады. Нәтижесінде басым бағыттар бойынша 2025 жылға дейін 187 млрд теңгеден астам сомада медициналық техниканы сатып алуға қосымша қажеттілік бары айқындалды. Әрбір өңірде денсаулық сақтау басқармасының басшылары «ана өлімін азайту жөніндегі жедел жоспар» әзірледі. Осының бәрі, сайып келгенде, әйелдердің сырқаттанушылығы мен ана өлімін азайтады деп үміттенеміз. 

– Елімізде апат медицинасы жүйесі жолға қойылмаған. Сөзімізге Қаңтар оқиғасы дәлел бола алады. Жалпы қалыптан тыс жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру үшін заңнамаға толықтырулар енгізіп, қажет болса қашықтан дәрігерлік консультация беру қызметін ашу жоспарда бар ма? 

– Бір нәрсені ескеру қажет, апат медицинасы – дербес сала ретінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне жатады. Әйтсе де Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес, пациенттің өміріне қауіп төнген жағдайда диспетчер телефон арқылы консультация береді не жедел жәрдем көмекке келеді. 

Кезек күттірмейтін жағдайларға мыналар жатады: жүректің тоқтап қалуы, тыныс алудың қиындауы, жүрек-қантамыр қызметінің жеткіліксіздігі, ересектерде, балаларда және жаңа туған нәрестелерде жоғарғы тыныс алу жолына бөгде заттың түсуі, жіті коронарлық синдром, мидағы қан айналымының бұзылуы, гипертониялық криз, гипо-гипергликемиялық жай-күй, естен тану, қан кету, құрысулар, үйде босану т.б. 

2021 жылы телефон арқылы осындай жағдайлар бойынша 379 253 консультация берілген екен. Ал биыл 5 ай ішінде телефон арқылы 187 468 консультация өткізілген. 

– Қазіргі таңда елдегі дәрі-дәрмек қорына тоқталсаңыз. Дәрінің қымбаттауымен қатар нарықтағы бағада айырмашылық қатты сезіледі. Дәріханалардағы баға саясатын мемлекет неге өз бақылауына алмайды? 

– Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті дәрілік заттардың белгіленген шекті бағадан асып кетпеуін апта сайын қадағалап, мониторинг жүргізеді. 2021 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы мамырға дейінгі кезеңде белгіленген шекті бағадан қымбатқа сату фактісі бойынша 6 жағдай тіркеліп, 907 525 теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Мониторинг жасалатын дәрі-дәрмектер тізбесінде дене қызуын түсіретін, вирусқа, бактерияға қарсы антикоагулянттар, гормондық, жүрек-қантамыр аурулары кезінде қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың түрлері мен саны жеткілікті. 

Бүгінгі таңда теңге курсының құбылмалылығына байланысты дәрілік заттар бағасының сәл өскені байқалады. Алайда шекті бағадан аспауы қатаң қадағалауда. Асып кеткен жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысына жиі сын айтылады. Ақпараттық жүйеде азаматтар туралы мәліметтерді өзге мемлекеттік дерекқорлармен салыстыру, өзектендіру тетігі жоқ екенін қор өкілдері өздері де айтты. Адам денсаулығы басты назарда тұрған салада неге толық пісіп жетілген күйінде қабылданбады? 

– МӘМС жүйесінің енгізілуі коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді. Сондықтан оның бағыт-бағдары медициналық ұйымдар мен жалпы салаға жоғары жүктемеге байланысты түзетілді. 

Жалпы, мынаны нәрсені ескеруіміз керек: МӘМС жүйесін енгізілгенге дейін отандық медицина тек салық түсімдері есебінен, яғни бюджеттен ғана қаржыландырылып келді. Мемлекеттік бюджеттен денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі 2004-2015 жылдар аралағында 6,3 есе өсті. Денсаулық сақтауды қамтамасыз ету ауыртпалығы тек мемлекетке ғана түсті. Ал мемлекеттің шығыны инфляцияның айтарлықтай өсуін қамтамасыз еткен жоқ, нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінде қаражат тапшылығы пайда болды. МӘМС жүйесін енгізгенге дейін саланы қаржыландыру тапшылығы 362,5 млрд теңге дейін жетті. Ал МӘМС жүйесін енгізілгелі небәрі үш жыл ішінде салаға қосымша қаражат тартуға, сөйтіп қаржыландыру көлемін 80%-ға арттыруға мүмкіндік туды. Мысалы, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне арналған шығыстар 1 трлн болса, 2022 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,2 трлн бөлінді. 

Шыны керек, бұрын тек мемлекет қаржыландырып келгендіктен, халық арасында тұтынушылық көзқарас қалыптасқан еді. Содан мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріне көңілі толмаушылық қайда барады? Әрине, жеке клиникаларға барады не шетелге шығады. Осылайша халықтың денсаулығына жұмсайтын шығыны жалпы шығынның 39%-ына дейін өсті. Бірақ ондай шығынды барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді ғой. Сондықтан бізге әлеуметтік сақтандыру қағидаттарына негізделген денсаулық сақтау жүйесін құру қажет болды. Мұнда мемлекет сапалы медицинаға әлеумет қажеттілігін қанағаттандыратын кепілгер рөлін атқарады. Реформаны енгізу аясында Қазақстан Республикасында медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты. 

– Ол қандай деңгейлер еді, кеңірек айтып берсеңіз? 

– Жүйенің бірінші деңгейі – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі. Ол – медициналық-санитариялық алғашқыкөмек, жедел жәрдем, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрілік қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезіндегі медициналық көмектің толық спектрі. 

Екінші деңгей – сақтандырылған халық үшін МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек, яғни консультациялық, диагностикалық, шұғыл және жоспарлы стационарлық көмек, аурулардың кең спектрі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету; стационарды алмастыратын көмек, медициналық оңалту. 

Үшінші деңгейде азаматтардың өз қаражаты есебінен ақылы негізде, ерікті медициналық сақтандыру, адамдардың жекелеген санаттарына қосымша медициналық қызметтер көрсетіледі. 

Осылайша, бұл жүйе халықты бастапқы және ең қажетті қызметтермен қамтуға мүмкіндігін береді. 

МӘМС-ті қолданысқа енгізудің ең белсенді фазасы 2020 жылдан басталғанын айттым ғой. Пандемия кезінде тек біздің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің денсаулық сақтау саласына сындарлы сәт туды. Әрине, МӘМС-ке қатысты неқилы сын жиі айтылады. Бірақ осы жүйенің арқасында салаға келген қосымша қаржыландыру арқасында біршама оң өзгеріс болып жатқанын көпшілік біле бермейді. 

– Иә, әлгінде бір сөзіңізде МӘМС болмаған кезде денсаулық сақтау саласының шығыны көбейді дедіңіз. Ал МӘМС соны ақтай алды ма?

– Әлбетте. Мысалы, қаржыландыру профилактикалық қарап-тексеруге 2 есе; консультациялық-диагностикалық қызметтерге 7,7 есе; стационарлық көмекке 54%;  ауылдағы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекке 2,2 есе; жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 62%; медициналық оңалтуға  2 есе артты.

МӘМС жүйесін енгізу нәтижесінде амбулаториялық қызметтерді және жоспарлы операцияларды күту уақыты едәуір қысқарды. 2019 жылдан бастап жоғары технологиялық операциялар 3 есеге ұлғайды.  Медициналық оңалту бағыты дамып жатыр. Шынтуайтында,  МӘМС енгізілгенге дейін  оңалту бағыты кенже қалып еді. 

МӘМС арқасында КТ, МРТ, және ПЭТ сияқты қымбат тұратын зерттеулер азаматтардың барлық санатына қолжетімді болды. Бұрын ол қызметтер әлеуметтік осал 8 санатқа жататын пациенттерге ғана тегін көрсетілетін. Сондай-ақ амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмек алатын азаматтардың саны айтарлықтай өсті. 

Өздеріңізге мәлім, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылған еді. Бағдарлама бойынша 2026 жылға дейін денсаулығына байланысты перзент сүйе алмай жүрген отбасыларға экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген еді. Осы бағдарламаның арқасында 2021 жылы ЭКҰ 7,7 есе көбейді. Ал 2022 жылдың алғашқы тоқсанында МӘМС аясында сақтандырылған пациенттерге 835 экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы жасалды. Халқымыздың репродуктивті саулығын оңалту жолында мұның маңызы өте зор. 

МӘМС қаражаты есебінен құны қымбат тұратын, жоғары технологиялық емшаралар жүргізіле бастады. Мәселен, гамма-пышақты қолданумен радиохирургиялық емдеу әдісі; ретинобластома кезіндегі селективті интра-артериялық химиотерапия;  омыртқа денесінің транспедикулярлық пластикасы, түзетуші тибиалдік остеотомия, радиозотоптық диагностика қызметтерінің 18 түрі практикаға енгізілді. Мұның бәрін денсаулық сақтау саласына ұжымдық жауапкершілік жүктейтін МӘМС жүйесі енгізілмегенде, жүзеге аспас па еді. 

– Жалпы бұл жүйе әлемдік тәжірибеде бар ма? Бізге қайдан келді? 

– Бүгінгі таңда әлемде әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтауды қаржыландырудың ең көп таралған әдісі саналады. МӘМС Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 35 елдің 19-ында енгізілген. Бұл ретте біраз ел мемлекеттің бақылауында болатын бірыңғай сақтандыру қорын құру жолын таңдады. 2010 жылы ДДСҰ бірыңғай сақтандыру қорын құруды денсаулық сақтауды қаржыландырудың анағұрлым тұрақты моделі ретінде мойындады.

Меніңше, елімізде МӘМС-ті денсаулық сақтауды қаржыландыру көздерін әртараптандыру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажеттілігінен туындады. Бұл жүйеге көшпес бұрын бүкіл халықтың медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне кепілдік беретін 54 елдің денсаулық сақтау саласына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмысшының ерікті сақтандыру жарнасы есебінен қаржыландыру  саланы оңалтудың, дамытудың ең оңтайлы моделі екеніне көзіміз жетті.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіне 15,8 млн адам тіркелген екен. Бұл халқымыздың 82,5%-ын құрайды. Ендігі міндет сақтандыру жүйесінен тыс қалып отырған 3,4 млн адамды жүйеге қосылуға ынталандыру. Бұл ретте жарна төлеудің баламалы тетіктерін қосу жоспарланып отыр.

Сайып келгенде, кез келген салада сапалы өзгеріс жасау үшін қаржы ресурсы ауадай қажет. МӘМС қаржысы бізге денсаулық сақтау саласында көптен қордаланған күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда өңірлердегі медицина инфрақұрылымының жетіспеушілігін, оларды материалдық жабдықтау, кадрмен қамтамасыз ету мәселесін шешу, халықты жаппай алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтамасыз ету,  денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру т.б.

– Республикалық медицина саласында кадр мәселесі, әсіресе, салалық мамандардың тапшылығы бар екенін айттыңыз. Оған қоса, пандемия жағдайында қашықтан оқыған студенттер бірнеше жылда бітіріп шығып, емдеушілердің қатарына қосылады. Адам денсаулығы мен өмірі үшін жауап беретін білікті мамандар даярлау мәселесін қалай шешесіздер? 

– Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі кезде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық ведомствода 270 мың медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның 78 227-сі – дәрігер, 188 800-сі – орта медицина қызметкері. Оның ішінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 108 909 медицина қызметкері: 33 787 дәрігер, 75 122 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде ауылдық жерлерде 13 395 дәрігер, 54 371 орта медицина қызметкері бар. 

Медицина мамандарымен қамтамасыз ету деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда, 87 бірліктен келіп тұр. Оның 17-сі дәрігер мамандар болса, 70-і орта медицина мамандары. Демек медқызметкерлеріміздің саны жағынан Еуроодақ елдерінің көрсеткішімен қарайласпыз. Алайда, денсаулық сақтау саласында маман жетіспеушілігі бар екенін жоққа шығармаймыз. Қазір республика бойынша 14678 медицина кадрына, оның ішінде 7072 дәрігер мамандығына, 7606 орта медицина қызметкеріне сұраныс бар. 

– Қай өңірлерге дәрігерлер жетіспейтінін нақты айта аласыз ба? 

–Дәрігерлердің тапшылығы халық тығыз қоныстанған Нұр-Сұлтан (1536), Алматы (458,25) қалаларында сезіледі. Ал аймақтар бойынша Қостанай (738,5), Алматы (642,25) Солтүстік Қазақстан (447,75) Маңғыстау (411,75) Ақмола ( 398,75) Шығыс Қазақстан (410,5) облыстарында дәрігер мамандарға зәрулік байқалып отыр. 

Елордада орта медицина қызметкерлеріне де сұраныс айрықша (2375,25 бірлік). Сондай-ақ Алматы қаласы (517,5) Қостанай (1013,5), Солтүстік Қазақстан (511,5), Шығыс Қазақстан (506,5) облыстарында орта медицина қызметкерлеріне жұмыс жеткілікті. 

– Мамандық бойынша нақты қай маман иелері жетіспейді? 

– Терапевт, анестезиолог-реаниматолог, жалпы практика, сәулелік диагностика дәрігерлері, инфекционист, педиатр, акушер-гинекологтарға зәруміз. 

– Жоғарыдағы сұрағымды тағы нақтылайыншы. Маман тапшылығын жою мақсатында министрлік қандай да бір шара қолданып отыр ма? 

– Әрине, маман жетіспеушілігін азайт – Денсаулық сақтау министрлігінің ең басты міндеттерінің бірі саналады. Елімізде медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей қалаларында орналасқан. Осы оқу орындарына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бөлінетін гранттардың саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл 4700 грант бөлініп отыр. Оның ішінде бакалавриат мен интернатураға– 2700 орын, резидентураға – 1500 орын, магистратураға – 325 орын, докторантураға – 160 орын бөлінді. Бакалавриат деңгейінде «Мейірбике ісі», «Фармация», «Жалпы медицина/Медицина», «Стоматология», «Педиатрия», «Қоғамдық денсаулық» мамандықтарына оқуға болады. Оның ішінде 2335 жалпы грант, 365 грант жетім балалар, мүгедектігі бар тұлғалар т. б. санаттарға, 20 грант халықаралық келісімдер шеңберінде бөлініп отыр. Магистратураға денсаулық сақтаудағы Менеджмент, Қоғамдық денсаулық сақтау, Мейірбике ісі, Фармация, Биомедицина, Медицина, Медициналық-профилактикалық іс мамандықтары бойынша білім алуға болады. Бұл тек Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы бөлінетін гранттардың көлемі. Оның сыртында жергілікті әкімдіктер жоғары оқу орындарында, медицина колледждерінде тегін оқуға жүздеген грант бөледі. 

Айтайын дегенім, медицинаны саласында кәсіби кемелдену жолына түсем деген адамға мүмкіндік бол. Мәселен, таяуда «Болашақ» халықаралық бағдарламасының шарттары медицина мамандары үшін біршама жеңілдетіліп, тағылымдама, магистратура, резидентура, докторантура бағыттары бойынша гранттар саны көбейтілді. Бұл – денсаулық сақтау саласында халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды, топ-менеджментті даярлауға жақсы мүмкіндік. 

Сонымен қатар қазір өңірлерде білім және ғылым ұйымдарының филиалдарын ашу мәселелері пысықталып жатыр. Бүгінгі таңда Павлодар, Атырау, Ақтау, Қызылорда қалаларында Семей медицина университетінің филиалдары ашылды. 

Жалпы, арнайы мемлекеттік комиссия шешімімен медициналық ЖОО-да өкімет есебінен білім алған  түлектер өңірлердің сұранысына қарай жолдама алып отырады. Мысалы, былтыр 4630 түлектің 3141-і өңірлерге бөлінді. Биылғы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында білім алған 4137 түлектің (бакалавриат – 116, интернатура – 2644, резидентура – 1153, магистратура – 90, докторантура – 134) 2981-і аймақтарда еңбек жолын бастауға алдын ала жолдама алды. 

Әлбетте материалдық қолдау, ынталандыру тетіктері болмаса, жас мамандар түкпірдің түбегіндегі ауылға оңайлықпен бара қоймас. Сондықтан министрлік әкімдіктермен бірлесіп, жас мамандарды ынтыландыру тетіктерін ұлғайтуға да ерекше мән беріп келеді. Мысалы, қазір жергілікті әкімдіктер ауылдық жерге еңбек етуге келген жас мамандарға 100 АЕК есебінде көтермелеу жәрдемеақысын қарастырады, сондай-ақ үй алуға немесе үй салуға 1500АЕК көлемінде жеңілдікпен бюджеттік кредит ұсынады. Бірқатар әкімдік республикалық не жергілікті бюджет есебінен, медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаржысы есебінен мамандарға үй алуға бюджеттік кредит беру секілді қосымша әлеуметтік шараларды қарастырады. 

– Әлеуметтік желілерді қарасаңыз, ауыр сырқатқа шалдыққан балалар мен науқастардың еміне деп шетелге емге баруға ақша жинайтындардан көз сүрінеді. Олардың ішінде алаяқтар да бар. Қандай да бір мониторинг жүргізіп, олармен ведомство күреспей ме?

– Ауыр сырқатқа шалдыққан балалар мен науқастардың еміне деп шетелге емге баруға ақша жинайтындар бойынша және оның арасында алаяқтар туралы ақпарат жинау біздің ведомствоның құзыретіне кірмейді. Онымен арнайы органдар айналысады. Әйтсе де бұл Денсаулық сақтау министрлігі проблемадан тыс қалады дегенді білдірмейді. Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 мамырдағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) емдеуді отандық медициналық ұйымдарда жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту қағидаларын әзірлеуді бекіту туралы» № ҚР ДСМ - 45 бұйрығына сәйкес, Қазақстанда жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмеккке көрсетілімдер болған жағдайда, ауыр дертке шалдыққан Қазақстан азаматтары, әсіресе 18 жасқа дейінгі балалар ем алу үшін шетелге жіберу немесе шетелдік мамандарды тарту арқылы отандық клиникаларда емшара жасау мүмкіндіктері бар. Ол қандай аурулар? Мысалы, мидың хирургиялық қол жетпейтін функционалды маңызды аймақтарында орналасуына байланысты радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) қажет ететін артериовеноздық мальформациялар мен ісіктер; эндоваскулярлық емдеуді қажет ететін ми діңгегі, жұлын тамырларының артериовенозды мальформациялары және артериялық аневризмдер, трансоральды жолмен сылып тастайтын бас сүйектің негізінің ісіктері; кератопротездеу; көмей, кеңірдек стенозы; нейроэндокриндік ісіктерге Lu (лютеций) 177 изотопымен радионуклидтік терапия т.б. 

2021 жылы осындай сирек әрі ауыр дертке шалдыққан 53 бала шетел клиникаларына жолдама алды, ал 27 балаға шетелдік мамандарды тарта отырып, отандық клиникаларда ота жасалды. Биылғы 6 айда 40 бала шетелге жолдама алса, 2 бала мастер-класс аясында ем қабылдады. 

– Пандемиядан сабақ ала алдық па? Қазақстанның медицина саласында қаншалықты алға жылжу, серпіліс болады? 

– Пандемия қиындықтары отандық медицинаны ширатып, дамудың жаңа арнасына бұрды. Бірқатар бағыт бойынша  саланы ілгерілететін шаралар атқарылды. 

– Мысалы, қандай? 

– Мәселен, ведомствоаралық өзара қарым-қатынасты және биологиялық қауіп-қатерге жедел жауап беру, еліміздің ішінде вакциналарды, медициналық бұйымдарды өндіру, халықаралық тәжірибені, эпидемиологиялық ахуалды есепке ала отырып қауіптің алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу тәсілдерін жетілдіру және кадр даярлау, оларды оқыту мен жұмылдыру, сонымен қатар объектілерді қайта бейімдеу, ақпараттық жүйелер мен өнімдерді кеңінен пайдалану біршама жолға қойылды.

– Өзіңіз министр болып тағайындалғалы өз еңбегіңізге қандай баға берер едіңіз?

– Әрине, өз-өзіме баға бере алмаймын. Бағаны халық береді. Әрі Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің орындалу деңгейі көрсетеді. Бұл жерде саладағы реформалар мен өзгерістерді тек министрлік деңгейінде ғана емес, бүкіл өңірдегі медициналық ұйымдарда еңбек ететін әріптестерімнің түсінгені маңызды. Сондықтан ай сайын өңірлерді аралап, халықпен, медицина қызметкерлерімен кездесуді әдетке айналдырдым. 

Биылғы ауыз толтырып айтатын жетістігіміздің бірі – «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңның қабылдануы. Сондай-ақ Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, Үкімет қарауына жіберілді. Пациенттердің құқықтарын қорғау және медицина қызметкерлерін мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент қарауына берілді. Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары медицина қызметкерлерін оқыс өлім, қателік үшін біржақты айыптау жиілеп кетті. Бұл заң осы түйінді мәселені шешіп, пациент пен медқызмер арасындағы қарым-қатынастарды реттейді. 

Біздің министрлік үшін ең басты бағдарламалық құжат – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы. Ол, ең әуелі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейіндегі қызмет көрсету сапасын арттырудан басталады. Әсіресе, ауылдық жерлердегі халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемелердің инфрақұрылымын жақсарту, мамандармен қамтамасыз ету маңызды. 2021 жылы министрлік елдегі денсаулық сақтау объектілеріне түгендеу жүргізді. 

Республика бойынша 2025 жылға қарай 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы жоспарлануда. Биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің қолданыстағы мемлекеттік нормативін қайта қарау, ауылда 80 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ауданаралық және аудандық ауруханаларды жаңғырту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты МӘМС жүйесіне тіркеу, ауыл тұрғындары үшін медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттерін құру кезек күттірмейтін шаруалардың санатынан. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарадық. Оны барынша мобильді әрі бұқара халыққа, оның ішінде ауылдық жер тұрғындарына неғұрлым қолжетімді етуді көздейтін іс-шаралар жоспарын бекіттік. Осы қағидаға сәйкес, жедел медициналық көмек қызметінің автокөлік паркі күшейтіліп, бүгінгі таңда оның саны 2521-ге жетті. Үйдегі науқастарға медициналық көмек көрсететін мобильді бригадалардың санын 3683-ке жеткіздік, оның жартысына жуығы, дәлірек айтқанда 49%-ы ауыл халқына қызмет көрсетеді. 

Халықтың өтініші бойынша амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстарды жалғасын табады. Мысалы, амбулаториялық көмек аясында жалпы сомасы 112,2 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілімі жүзеге асырылды. 

Түпкілікті мақсат – Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-ына дейін жеткізу. Неге? Өйткені аурудың алдын алу, диагностика, емдеу шаралары, ең алдымен, емхана, отбасылық амбулаториялық пунктерде жүзеге асуға тиіс. Қазақша айтқанда, аурухана төсегінде сарыжамбас болып жату науқастың психосоматикасына да теріс әсер етеді,  денсаулық сақтау саласына қаржыны рационалды жұмсауға да кедергі келтіреді. 

Әлбетте, бұл тұрғыда әріптестерімнің әлеуметтік жағдайы мен беделін көтеруді де назардан тыс қалдырмаймыз. Дәрігер мен орта медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатыр. Алдағы уақытта дәрігердің орташа жалақысын 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерінің жалақысын 249 мың теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Қысқаша айтқанда осы. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Фото: BAQ.KZ