Әзербайжанның Санкт-Петербургтегі бұрынғы бас консулы Султан Гасимовқа қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды. Бұрынғы дипломат ірі көлемде алтын контрабандасын жасады деп айыпталып отыр.
APA.AZ агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық істі Бас прокуратура жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бас басқарма тергеген.
Тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген залалдың мөлшері 200 мың манаттан (шамамен 53,9 млн теңге) асқаны анықталған. Өтемақының бір бөлігі қылмыстық істі тергеу барысында төленген.
Султан Гасимовқа Әзербайжан Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша айып тағылған. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.
Іс жақын арада Баку қаласының Ауыр қылмыстар жөніндегі сотында қаралады.
Айта кетейік, Султан Махаммад оглы Гасимов 2009 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласындағы Әзербайжанның алғашқы бас консулы болып тағайындалған. Ол бұл қызметтен 2016 жылы кері шақырылды.
2016 жылғы 3 мамырда Гасимов Әзербайжанның Санкт-Петербургтегі бас консулы қызметіне тағайындалды. 2024 жылғы 21 қазанда бұл қызметтен де кері шақырылды.
Тағы оқи отырыңыз: Бұрынғы шенеуніктер қаруынан айырыла ма? Арменияда күтпеген шешім қабылданды