Әзербайжанда қазақтың дәстүрлі мәдениетіне арналған көрме ашылды

Бес тақырыптық бөлімнен тұратын көрмеге барлығы 69 этнографиялық жәдігер қойылған.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі 14 Қараша 2026, 07:49
14 Қараша 2026, 07:49
177
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Әзербайжанның Ұлттық тарих музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің қорындағы жәдігерлерден жасақталған «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты халықаралық көрме ашылды.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің, Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының, Әзербайжанның Ұлттық тарих музейі мен Мәдениет министрлігінің өкілдері, сондай-ақ жазушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты.

Бес тақырыптық бөлімнен тұратын көрмеге барлығы 69 этнографиялық жәдігер қойылған. Олардың қатарында күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа қажетті бұйымдар, ат әбзелдері, зергерлік әшекейлер, киіз басу және тоқымашылық өнерінің үлгілері, дәстүрлі киімдер бар.

Көрме қазақ халқының тұрмыс-салтын, қолөнері мен бай мәдени мұрасын Әзербайжан жұртшылығына таныстыруға мүмкіндік береді.

Наверх